Павлодарлық оқушылар республикалық байқауда алты медаль жеңіп алды
Астанада өткен ғылыми жобалар конкурсында өңір намысын қорғаған бірнеше мектептің шәкірттері жүлдегер атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 24–27 ақпан аралығында Астана қаласында жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсы өтті. Байқау халықаралық тәжірибеге сай ашық көрме форматында ұйымдастырылды.
Республикалық кезеңге физика, техника, жер және ғарыш туралы ғылымдар, математика, қолданбалы математика, информатика, экономика, биология, химия, қоршаған ортаны қорғау және адам денсаулығы секциялары бойынша 623 жобамен 463 оқушы қатысты.
Павлодар облысының атынан облыстық кезеңнің жеңімпаздары мен жүлдегерлері саналатын 15 жобамен 20 оқушы бақ сынады.
Қорытындысында Ақсу қаласының №8 жалпы орта білім беру мектебінің 11-сынып оқушысы Батырхан Иманбаев математика секциясы бойынша алтын медаль және І дәрежелі диплом иеленді.
Күміс медаль мен ІІ дәрежелі диплом Ы.Алтынсарин атындағы облыстық қазақ гимназиясының 11-сынып оқушысы Сүлейман Серікпайға және Екібастұз қаласының №18 ЖОББМ 9-сынып оқушысы Даниял Нұрымжанға бұйырды.
Қола медаль мен ІІІ дәрежелі дипломдарды дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің оқушылары Нұрсұлтан Марат пен Роман Васильев, сондай-ақ Павлодар қаласындағы №11 ЖОББМ 9-сынып оқушысы Кирилл Фесик жеңіп алды.
Сонымен қатар дарынды балаларға арналған №3 гимназияның оқушылары Дамира Абылкасова мен Нұралы Гайрулла, Қ.Сәтбаев атындағы дарынды балаларға арналған гимназияның 9-сынып оқушылары Фатима Серікжанқызы мен Рамазан Серіков РҒПО-ның Құрмет грамоталарымен марапатталды.