Павлодарлық оқушылар сыбайлас жемқорлықпен күресудің өз әдістерін ұсынды

Павлодарлық оқушылар сыбайлас жемқорлықпен күресудің өз әдістерін ұсынды
Фото: М. Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайы

«Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының облыстық слёті биыл қатарынан сегізінші рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Биыл Павлодар қаласына аудандық және қалалық кезеңдерде жеңіске жеткен 14 үздік команда жиналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дәстүрлі байқаудың басты мақсаты өскелең ұрпақтың бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, жоғары адамгершілік қасиеттерге, жауапкершілікке, бастамашылдыққа және әлеуметтік құзыреттілікке баулу.

Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайының әдіскері Айжан Оразбаева байқаудың үздіксіз өткізіліп келе жатқанын атап өтті. Тіпті пандемия кезінде де ол тоқтаған жоқ, тек уақытша онлайн форматқа ауыстырылған.

Слёт екі кезеңнен тұрды. Бірінші бөлімде қатысушылар «Жемқорлыққа қарсы болашақ ұрпақ» тақырыбында үгіт бригадаларының байқауына қатысып, 2024–2025 оқу жылында атқарылған іс-шаралар бойынша «Оқушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиесі» бағытындағы есептерін ұсынды. Бұл балаларға шығармашылық әлеуетін ашуға, белсенді азаматтық қоғамның бір бөлшегі екенін сезінуге мүмкіндік берді. Жұмыстарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері бағалады, деді Айжан Оразбаева.

Мектеп клубтары бір жыл бойы атқарған жұмыстарын таныстырды: адалдық сабақтары, құзырлы органдармен кездесулер, театрландырылған көріністер мен бастауыш сыныптар арасында рейдтер. Оқушылардың баяндамаларынан дайындық деңгейінің жоғары екені, шығармашылық көзқарас пен шынайы азаматтық ұстаным анық байқалды. Ерекше есте қалған бастамалардың бірі «Адал дүкен» жобасы. Бұл дүкенде сатушы болмайды, касса ашық. Әр адам келіп, кеңсе тауарын таңдап, ақшасын өзі қалдырады. Осылайша, балалар адалдық пен сенімділікке тәрбиеленеді. 

Қатысушылар байқауға ерекше ынтамен және қиялмен келді. Ақсу қаласындағы 8 мектептің 10-сынып оқушысы Тамерлан Казканов бір жылдан бері «Адал ұрпақ» клубының мүшесі. Осы уақыт ішінде ол көп нәрсені қайта ой елегінен өткізген.

Дайындығымыз жақсы. Сыбайлас жемқорлықпен күресу өте қиын деп ойлаймын, бірақ бұл мен үшін маңызды. Біз мектепте бастауыш сыныптар арасында рейдтер өткіземіз, полиция формасында көріністер дайындаймыз және «бұзақыларды» ұстаймыз. Байқауға біз үлкен жауапкершілікпен дайындалдық, жетекшілеріміз көп еңбек етті, деп бөлісті Тамерлан.

Слёт қорытындысы бойынша Павлодар қаласындағы «Жас дарын» мамандандырылған мектебі Гран-при иегері атанды. Бірінші орынды Аққулы ауданының командасы, екінші орынды Ақсу қаласындағы Қ. Сәтбаев атындағы гимназия, ал үшінші орынды Ақтоғай ауданының өкілдері жеңіп алды.

Слёт «Заң және тәртіп» идеологиясын қоғамда ілгерілету және оқушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиесін дамыту тұжырымдамасы аясында өтті. Қатысушылар ұсынған бастамалар адалдық пен азаматтық белсенділік болашақ мәдениеттің негізін қалайтынын көрсетті.