Павлодарлық оқушылар тұңғыш академиктің жәдігерлерімен танысты
Сонымен қатар жас өрендер арасында пікірсайыс ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мұзафар Әлімбаев атындағы мектепте геолог-ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына орай оқушылар арасында «Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығын атап өтуге арналған үздік жобаны ұсынады» тақырыбында пікірсайыс өткізілді. Пікірсайысқа екі команда қатысты. Бұл байқауда оқушылардың өздері қазылық етті.
– Жас пікірсайысшылар өз жобаларын ортаға салып, Қаныш Сәтбаев туралы деректі фильм түсіру, Қаныш Сәтбаевтың ізін жалғастыру үшін Қазақстанның атақты ғалымдарымен кездесіп, жерлес академик туралы көбірек мағлұмат таратуды ұсынды. Сондай-ақ, оқушыларға Алматы, Жезқазған қалалары мен Баянауыл ауданында орналасқан мұражайларына саяхат жасау, академикке арнап оффлайн немесе онлайн конференция ұйымдастырып, үлкен фестиваль өткізу жайлы пікірлер айтылды, – дейді М.Әлімбаев атындағы ЖОББМ директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Оразбек Бақытхан.
Пікірсайыспен қатар мектеп оқушыларына ашық көрме ұйымдастырылды. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі қорына жақында ғана қосылған ерекше мұралардың бірі Қаныш Сәтбаевтың өзі қолданған баспа машинкасы көрсетілді.
Айта кету керек, Қаныш Сәтбаевтың баспа машинкасымен Баянауыл жеріндегі өлкетанушы Александр Черкашин бірнеше кітап жазған. Оның ішінде «Дочь Баянаула», «Баянауыл» және Қосым Пішенбаев жайлы екінші кітабы баспаға ілініп, кітап болып шыққан болатын.
Сонымен қатар, мектепте оқушылар арасында тоғызқұмалақ, бес асық және шахматтан мектепшілік турнир өткізілді.