Павлодарлық оқушылар жазда табыс табуға мүмкіндік алады
Алайда жасөспірімдердің жазғы еңбегі жіті бақылауда болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін еліміздегі барлық білім ошақтарында соңғы қоңырау соғылып, оқушылар салтанатты түрде жазғы демалысқа шықты. Алда 3 айға созылатын ұзақ демалыс күтуде. Осы аралықты тиімді пайдалану үшін еңбек етуге ниетті жасөспірімдерге барынша жағдай жасалуда. Яғни ыңғайына келетін жұмысқа уақытша орналасып, жаңа оқу жылына дейін табыс табуға мүмкіндік бар.
Облыстық білім беру басқармасының мәлімдеуінше, биыл жазғы демалыс уақытында барлығы 12063 жасөспірім уақытша еңбекпен қамтылады деп жоспарлануда. Оның ішінде 2775 бала «Жасыл ел» еңбек жасағында жұмыс істейтін болады. Олардың айлық жалақысы 77500 теңгені құрайды. Сонымен қатар, 8556 оқушы мен 271 ауылдық жерлердегі колледж студенті кәсіпкерлер есебінен жұмысқа орналасса, 461 бала жақын туыстарында еңбек етеді деп күтілуде.
Атап өтерлігі еңбек ететін балалардың құқықтары мен қауіпсіздігі облыстық білім беру басқармасының жіті бақылауында болады.
– Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес кәмелет жасына толмағандардың еңбек етуіне қойылатын барлық талап сақталады. Яғни, балаларды ауыр, зиянды және қауіпті жұмыстарға тартуға жол берілмейді. Жұмыс уақыты жас ерекшелігіне қарай қысқартылған режимде ұйымдастырылады. Сонымен қатар, еңбек қауіпсіздігі бойынша түсіндіру шаралары жүргізіліп, ата-аналардың келісімі міндетті түрде ескеріледі, - деді басқармасы басшысының орынбасары Алма Айтуарова.
Басқарма өкілінің айтуынша, балалардың еңбек ету кезеңіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында олардың жұмыс орындарына тұрақты түрде мониторинг жүргізілетін болады. Тексеру тобының құрамына барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, білім беру, құқық қорғау саласының мамандары, еңбек инспекциясы және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері енеді. Мониторинг барысында еңбек қауіпсіздігінің сақталуы, санитарлық жағдай, жұмыс режимі, балалардың құқықтарының қорғалуы және заң талаптарының орындалуы қатаң қадағаланатын болады.
Сондай-ақ, жұмыс беруші, ата-ана және білім беру ұйымы арасында үш жақты келісімшарт жасалып, онда тараптардың құқықтары мен міндеттері, еңбек жағдайлары және қауіпсіздік шарттары нақты айқындалады.
– Жаз айларында жұмысқа орналасқысы келетін жасөспірімдер өздерінің білім беру ұйымдарына, жастар ресурстық мекемелеріне немесе «Мансап» орталықтарына хабарласуларына болады. Оларды уақытша жұмысқа қабылдау барысында міндетті түрде жеке куәлік немесе туу туралы куәлік, ата-анасының рұқсаты және медициналық анықтама талап етілуі мүмкін, - деді Алма Айтуарова.
Оқушылар жас ерекшеліктеріне сәйкес жеңіл жұмыстармен айналысатын болады. Атап айтқанда, мектеп аумақтарын көгалдандыру, абаттандыру, кітапханалар, мәдениет және спорт ұйымдарындағы іс-шараларға көмектесу, волонтерлік және экологиялық акцияларға қатысу сынды жұмыстарды атқара алады.
Ал ауылдық жерлердегі оқушылар көгалдандыру, бақша жұмыстары, ауылды абаттандыру, мал азығын дайындау сияқты шаруаларға жәрдемдесіп, маусымдық жұмыстарға тартылады.