Үздіктердің үздігі: Павлодар облысында зияткерлік олимпиада жүлдегерлері марапатталды
Жыл бойы республикалық және халықаралық олимпиадаға қатысқан дарынды оқушылардың жетістіктері бағаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Достық үйінде» облыс әкімі Асайын Байханов Ертіс өңірінің білікті де дарынды жастарымен кездесу өткізді. 2023-2024 оқу жылғы зияткерлік жарыстарға қатысқан оқушылар 211 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 35-і – халықаралық, 176-сы – республикалық деңгейдегі медальдар.
Биыл алғаш рет ҚР Оқу-ағарту министрінің тапсырмасы бойынша ауылдық мектептерден дарынды балалардың қабілеттерін анықтау және нығайту мақсатында 13 жалпы білім беретін пәннен республикалық олимпиада өткізілді. Оған Павлодар облысынан 2 313 оқушы қатысты. Олимпиада қорытындысы бойынша облыстың 13 ауыл мектебінің оқушысы І республикалық ауылдық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанып, үш алтын, екі күміс және сегіз қола медальге ие болды.
Салтанатты шарада өңіріміздің атын шығарып жүрген, облыстық білім додаларында топ жарып, халықаралық, республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлдегер атанған 60 оқушы мен оларды дайындаған 45 мұғалім облыс әкімінің атынан Алғыс хаттармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
– Сіздер үздіктердің үздігі, мықтылардың мықтыларысыздар. Болашақ ұрпақ ретінде әділетті Қазақстан құру жолындағы жоспарларды іске асыру міндеті сіздерге артылады. Зияткерлік олимпиадаларда жеткен жетістіктеріңіздің арқасында өңірімізді танымал етуге септігін қосып, білім саласындағы деңгейін арттырып жатырсыздар, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі дарынды оқушыларға өмірлік жолда сәттілік тілеп, біліммен қатар адамгершілік қасиеттерді дарыту керектігін атап өтті.
Биыл Халықаралық Олимп шыңын бағындырған оқушылардың ішінде дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің оқушысы, Халықаралық «Жібек жолы», Азия-Тынық мұхит олимпиадасы, О.Жәутіков атындағы Халықаралық және республикалық олимпиадасының жүлдегері Владимир Роговский, дәл сол лицейдің оқушысы химия пәнінен Халықаралық Менделеев олимпиадасы және республикалық олимпиадасының алтын медаль иегері Ринат Илюсизов бар. Лицейдің тағы 13 оқушысы өңір басшысымен кездесуге шақырылып, марапатталды.
Ал білімді балаларды дайындаған ұстаздардың ішінен 21 жастағы дарынды жастарға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының информатика пәні жас мұғалімі Арсен Еркін аталмыш шараға шақырылғанына қатты қуанды.
– Менің оқушым информатика пәнінен республикалық олимпиададан екінші дәрежелі орын алды. Тоғызыншы сынып оқушысы оған дейін өзі жақсы дайындалып келген болатын. Өзі жауапкершілігі мол, ынтасы жақсы бала. Маған оның тәлімгері болу сәті түсіп қалды. Оған білгенімді айтып, қиын сәттерде қасында болдым. Өзім жас бола тұра білім саласына атсалысып, үлесімді қосқаныма қуаныштымын. Бұйыртса, көптеген жетістіктерге жетемін деген ойдамын, – деді Арсен Еркін.
Айта кетейік, аяқталған оқу жылының қорытындысы бойынша Павлодар облысының олимпиадалық командасы көрсеткен үздік нәтижелері үшін «Ең үздік олимпиадалық команда – 2024» атағына ие болды.