Павлодарлық параспортшы әлем чемпионатында алты гол соқты

Павлодарлық параспортшы әлем чемпионатында алты гол соқты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазақстан құрамасы турнирге алғаш қатысып, қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұқаралық спортты дамыту және іс-шараларды өткізу спорт клубының мәліметінше, Қазақстан құрамасы церебралды сал ауруы бар спортшылар арасындағы футболдан IFCPF Men’s World Championships әлем біріншілігінде үшінші орын алды. Жарыс Англияның Лафборо қаласында өтті.

Ұлттық құрама сапында Павлодар облысынан Мақсат Серіков пен Алдамир Амантаев өнер көрсетті. Мақсат Серіков – Павлодар ауданы Кеңес ауылдық округіне қарасты Новоямышево ауылындағы бұқаралық спортты дамыту клубының нұсқаушысы.

Топтық кезеңде қазақстандықтар Италия, Лафборо және АҚШ командаларымен кездесті. Нәтижесінде құрама қола жүлде үшін таласуға мүмкіндік алды.

Үшінші орын үшін өткен ойында Қазақстан Лафборо командасын 7:2 есебімен жеңді. Алдамир Амантаев қарсылас қақпасына алты гол соғып, гекса-трик жасады. Павлодарлық спортшы матчтың үздік ойыншысы атанды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына алғаш қатысқан жылы қола жүлдеге қол жеткізді.

Фотосуретті бұқаралық спортты дамыту және іс-шараларды өткізу спорт клубы ұсынды