Павлодарлықтың әдемі голы Украинаны тізе бүктірді

Павлодарлықтың әдемі голы Украинаны тізе бүктірді
Фото Freedom QJ League

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Еуро-2025 іріктеу турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Еліміздің U-19 құрамасы жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирін бастады. Бастапқы құрамға бірден екі павлодарлық – Тамерлан Ағыманов пен Ілияс Әбіл ілікті, екеуі де жартылай қорғаныста ойнады.

Матчтың тоғызыншы минутында «Ертіске» жаңадан келген Тамерлан Ағыманов айып алаңындағы қарбаласта допты украиндықтардың қақпасына итеріп жіберді. Үзіліске жақын уақытта Тамерлан Ағыманов Украина қақпашысы Маркиян Бакусты есеңгіретіп, дәл сол сәтте қазақстандықтардың төбесін көкке жеткізді: жартылай қорғаушы украиндықтардың қақпасын бұрыштамадан дәл көздеді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Kazakhstan Football Federation (@kff_resmi)

Екінші таймда қазақстандықтар Украина құрамасының шабуылына төтеп берді. Қарсыластар тек пенальтимен есепті қысқарта алды. Нәтижесінде 2:1 – Қазақстанның жеңісі.

«Біз таза мінездің арқасында жеңіске жеттік, өйткені бәріміз бірігіп, мүмкіндікті пайдалануымыз керек еді. Келесі ойында да жеңіске жету керек. Мен бұл голды отбасыма және қызыма арнаймын. Барлығына қолдау көрсеткеніңіз үшін рахмет. Алға, Қазақстан!»,- деді ойыннан кейін Тамерлан Ағыманов.

Келесі матчты біздің футболшылар 16 қарашада Нидерландыға қарсы ойнап, 19 қарашада Словенияға қарсы матчпен бірінші топтағы ойындарын аяқтайды. Ойындар Нидерландыдағы Вендамда өтуде.

Топтағы алғашқы екі команда және үшінші орын алған командалар арасындағы үздік құрама элиталық іріктеу кезеңіне өтеді. Онда 28 команда жеті топқа бөлінеді, олардың жеңімпаздары Еуропа чемпионатының финалдық бөлігіне шығады. Еуро-2025 Румынияда өтеді.