Павлодарлық полицейлер жауынгерлік қарудан оқ атудан шеберлік танытты
Чемпионатқа командалар мен басқа да құқық қорғау органдары қатысты, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жауынгерлік қарудан оқ атудан Қазақстан Республикасы ІІМ чемпионаты Қызылорда қаласында өткен. Бұл жарыстар «Динамо» дене шынықтыру-спорт бірлестігінің Х ведомствоаралық спартакиадасы және ІІМ-нің IX спартакиадасы шеңберінде ұйымдастырылған.
– Жарысқа еліміздің арнайы, құқық қорғау және күш құрылымдары арасынан 34 команда жиналды. Полигонда 150-ден астам атқыш 100 метр қашықтықта Калашников автоматынан, сондай-ақ командалық есепте және жеке біріншілікте 25 метр қашықтықта Макаров тапаншасынан ату шеберлігін көрсетті. Ерлер бес жаттығуда, әйелдер екі жаттығуда бақ сынасты, – деді департаментте.
Павлодарлық полицейлер түрлі дәрежедегі медальдарды иеленіп, жауынгерлік дайындық пен қаруды иеленудің жоғары деңгейін көрсетті.
Департаменттің оқу-жаттығу взвод командирінің орынбасары Адай Берекетов Макаров тапаншасынан жарыстың жеңімпазы атанды. Екінші орынды департаменттің арнайы жұмылдыру дайындығы басқармасының аға инспекторы Нұрсерік Айтжанов, әйелдер арасында бір жаттығуда бірінші және екінші жаттығуда үшінші орынды Екібастұз қаласы полиция басқармасы инспекторы Айман Жаминова иеленді.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталар және медальдармен марапатталды.