Павлодарлық профессор Мәскеудің архивтерін аралап шығуды ұсынды
«Әлкей Марғұлан мұрасы – ұлттың рухани байлығы» атты мәдени-рухани шара өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шара ұлттық археология мектебiнiң негiзiн қалаушы, академик, ғалымның туғанына 120 жыл толуына орай Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейімен бірге ұйымдастырылды.
Жиынға гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Анар Кәрімова, оқытушы-профессорлары Сейфитден Сүтжанов, Әділбек Әміренов, археологиялық зерттеулер институты «Марғұлантану» оқу-зерттеу кешенінің ғылыми қызметкері Болатбек Мұзафаров және жоғары мектеп студенттері қатысып, Әлкей Хақанұлының еңбегіне қатысты баяндамалар жасады. Сонымен қатар, Бұқар жырау музейінде сақталған Әлкей Марғұлан, Шәкен Айманов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев сынды ұлы тұлғаларға қатысты құнды жәдігерлер көрмеге қойылды.
– Әлкей Марғұланның қазақ әдебиеті мен тарихына сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Сан салалы зерттеулерінің бір қырына тоқталар болсақ, ол қазақ даласындағы петроглифтерді көп зерттеген ғалым. Өткен жылы Бұқар жырау музейінің экспедициясымен бірге Баянауылға барған кезде Қаражыра ауылынан сайдың ішінен көптеген тасқа қашалған суреттерді, жазуларды көрдік. Сол кезде менің ойыма Әлкей Марұланның осы саладағы зерттеулері есіме түсті, – деді филология ғылымдарының кандидаты Әділбек Әміренов.
Профессордың айтуынша, Әлкей Хақанұлы қазақ даласындағы бүкіл петроглифтердің мәні мен маңызын ашқан ғалым. Ол оны тарихпен ғана емес, әдебиетпен де байланыстырады. Сондықтан таңбалы тастарды Әлкей Марғұланнан асып зерттеген ғалым жоқ деп айтуға әбден болады.
– Биыл ғалымның туғанына 120 жыл толуына орай «Әлкей Марғұланның ізімен» деген экспедиция ұйымдастырып, Омбының, Санкт-Петербургтің, Мәскеудің архивтерін аралап шығу керек. Себебі Марғұланның сол архивтерден анықтаған көптеген деректерін ешкім әкелмеген. Омбының архивінде Абайдың өміріне қатысты құнды құжаттар бар. Соның бірі – Абайдың әкесі Құнанбай сотталған кезде ақынның сенатқа жазған хаты. Міне, осындай құнды мұраларды елге жеткізу керек, – дейді Әділбек Әміренов.
Жиын барысында студенттер Әлкей Марғұланның Шоқан Уәлиханов туралы еңбектерімен және ғалымның арғы атасы Олжабай батыр туралы зерттеулерімен бөлісіп, құнды мағлұматтар ұсынды.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қорында Әлкей Хақанұлы жайлы құнды жәдігерлер мен құжаттар бар. Атап айтсақ, өзі киген жейдесі, тақиясы және археологиялық қазба жұмыстары кезінде киген бірқатар киімдері мен ұстаған заттары сақталған. Сонымен қатар, Жүсіпбек Аймауытовтың үйінде тұратын жасыл кілем, Шәкен Аймановтың «Алдар көсе» фильміне түскен кезде киген бөрігі, өзінің тоны, Қаныш Сәтбаевтың баспа машинасы сынды тарихи жәдігерлер көрмеге қойылды.