Павлодарлық сарбаздарға әскерден кейін қандай жеңілдіктер бар?
Әскерден кейін жастар бірқатар жеңілдіктерге қол жеткізе алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстанда мерзімді әскери қызмет атқарған азаматтарға оқу және қаржылық міндеттемелер бойынша бірқатар жеңілдік берілген. Павлодар облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Қуат Жақановтың айтуынша, өңірде бұл мүмкіндіктерді пайдаланып жүрген жастар бар.
– 2022 жылдан бастап мерзімді қызметін өтеген азаматтарға жоғары оқу орнына түсу үшін қосымша мүмкіндік берілді. Олар борышын аяқтағаннан кейін екі жыл ішінде ҰБТ нәтижесін есепке алмай, әңгімелесу арқылы жергілікті жоғары оқу орындарына қабылдана алады, – деді ол.
Қызмет барысында өзін жақсы қырынан көрсеткен сарбаздарға да тегін білім алу мүмкіндігі беріледі. Бұдан бөлек, мерзімді әскери қызметін аяқтаған азаматтар Қазақстанның жоғары әскери оқу орындарына ҰБТ тапсырмай түсуге құқылы.
Павлодарда бұл мүмкіндікті пайдаланып жүргендер де бар. Департамент мәліметінше, бірқатар азамат азаматтық жоғары оқу орындарына, ал енді бірі әскери білім беру мекемелеріне қабылданған. Әсіресе, колледж тәмамдап, одан кейін әскер қатарына барған жастар арасында аталған мүмкіндікке қызығушылық жоғары.
Сарбаздарға қаржылық жағынан да қолдау қарастырылған. Мерзімді әскери қызмет кезінде несие мен микрокредит бойынша төлемдер 14 айға дейін тоқтатылуы мүмкін.
– Әскерден кейін әскери салада қалуға да мүмкіндік бар. Павлодар облысындағы әскери бөлімдерде мерзімді борышын өтеп, келісімшарт негізінде қызметін жалғастырып жүрген азаматтар бар. Олардың қатарында 6679, 5512 және басқа да бөлімдерде қалған сарбаздар кездеседі, – деді Қуат Жақанов.
Ал мектепті биыл бітіріп, ҰБТ-дан қажетті балл жинай алмаған әрі жоғары оқу орнына түспеген азаматтарға автоматты түрде кейінге қалдыру берілмейді. Егер денсаулық жағдайына, отбасылық ахуалына немесе заңда көрсетілген өзге де себептерге байланысты мұндай құқыққа ие болмаса, олар мерзімді әскери қызметке шақырылуы мүмкін.
Осылайша, Павлодар жастары үшін әскерден кейін оқуын жалғастыруға, қаржылық міндеттемелерін уақытша тоқтатуға және әскери саланы кәсіби бағытта жалғастыруға мүмкіндік бар.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, өңірде биыл күзгі шақыру науқаны аясында 700-ден астам азамат Отан алдындағы борышын өтейді.