Павлодарлық шебер этностильдегі сөмкелерді жаңаша бағытқа айналдырып жүр

Ол YouTube-тағы шеберлік сабақтарын көріп, өздігінен үйреніп алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Гүлнар Дүйсенбаеваның мамандығы тігіншілікке қатысы болмаса да, бүгінде этностильде ерекше бұйымдар тігіп, халыққа ұсынып жүр. Осы іспен үш жыл бойы айналысып келе жатыр. Ол сөмкелерді түрлі түсті жіптермен тігіп, жаңаша бағытқа айналдырғысы келетінін айтты.
– Алғашында құрақ көрпеден бастадым. Қыз жасауына қажетті жастық, көрпе тіктім. Кейін этностильдегі сөмкелерге сұраныс артқан соң, осы бағытқа көштім. Қазір бұл трендте, – дейді шебер Гүлнар Дүйсенбаева.
Қолөнершінің айтуынша, бір сөмкені тігуге кемінде бір күн уақыт кетеді. Шебер бұйымдарының көбін таза киізден жасайды. Ал өрнектерді арнайы бағдарламада әзірлеп, қағазға шығарып алып, қолымен қиып, тігіп шығады.
– Маталарды дүкеннен сатып аламын. Кейде арнайы тапсырыс беруге тура келеді. Бағасы да арзан емес. Бірақ соған қарамастан, бұйымдарымды ерекше қылып жасауға тырысамын. Ноутбугым бар, онда ою-өрнектердің өлшемін белгілеп аламын. Сосын тігін машинасында өзім тігемін. Барлық жұмысты қолыммен атқарамын, – дейді қолөнерші.
Қазіргі таңда шебердің бұйымдарына сұраныс жоғары. Көбіне тапсырыстар Instagram арқылы қабылданады. Әсіресе жастар этностильдегі қоңыр, сабырлы түстерге қызығушылық танытады.
– Қызым Instagram парақшасын ашып берді. Сол арқылы адамдар көріп, тапсырыс бере бастады. Жастар көбіне джинсы матадан жасалған сөмкелерді ұнатады. Жалпы сұраныс жақсы, – дейді Гүлнар Дүйсенбаева.
Үйде отырып-ақ еңбегін табыс көзіне айналдырған павлодарлық шебер қазір ұлттық нақыштағы сәнді сөмкелер мен бұйымдарға ерекше мән беріп, қолөнерді заманауи стильмен ұштастырып жүр.