Екібастұзда қайыр сұраған 300-ге жуық адам анықталды
Мұндай әрекет үшін әкімшілік жаза қарастырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда тиісу фактілерінің алдын алу және жолын кесу мақсатында тұрақты негізде профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Жыл басынан бері қоғамдық орындарда жеткізіп салу қызметтерін ұсыну, қайыр сұрап, мазасын алып тиіскені үшін 294 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.
Барлық адамдармен әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету және жұмысқа орналастыру үшін ақпаратты одан әрі жұмыспен қамту орталықтарына жіберу мақсатында сауалнама деректерін белгілеумен әңгімелер жүргізілген.
– 72 құқық бұзушы Павлодар қаласының қабылдау-тарату және өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығына орналастырылды. Бұдан басқа, кәмелетке толмаған жастарды тарта отырып, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар үшін қоғамдық орындарда, көлікте және қала көшелерінде қайыр сұрау фактілерінің алдын алу және жолын кесу бойынша қала еріктілерімен бірлесіп жұмыс жүргізілді, – дейді Екібастұз қаласы полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Талғат Шанкотов.
Егер азамат құқық бұзушылықты әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған болса, бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады. Егер шетел азаматы немесе азаматтығы жоқ адам ұсталған жағдайда 5 АЕК айыппұл салынады, не 5 тәулікке дейін қамауға алынады, не елден шығарып жіберіледі.