Павлодарлық стоматолог: Сүт тістерін емдемеу – болашақ тістерге қауіп

Павлодарлық стоматолог: Сүт тістерін емдемеу – болашақ тістерге қауіп
Фото: pixabay.com

Кейбір ата-аналар сүт тістерін емдеудің қажеті жоқ деп ойлайды. «Олар бәрібір түседі» деген пікір, стоматологтардың айтуынша, баланың болашақ күлкісіне үлкен зиян тигізуі мүмкін. Бұл мәселенің маңыздылығын @Pavlodarnews.kz тілшісі анықтап көрді.

Павлодар қаласының тұрғыны Жансая Ниязова төрт жасар қызының тістері 2,5 жасында мүжіліп, үгітіле бастағанын айтады.

– Дәрігер: «Күтпеңіз, әйтпесе инфекция тұрақты тістердің бастамасына жетеді» деді. Ақырында, біз қызыма 10 сүт тісіне тәж (коронка) кигіздік. Бұл өте қымбатқа түсті, бірақ қазір түсініп отырмын – біз оның болашақ тістерін сақтап қалдық, – дейді ол.

Балалар тіс дәрігері Ернар Садықов сүт тістеріндегі тісжегі өте тез дамитынын айтады.

– Бірнеше айдың ішінде тіс толықтай бұзылып, жүйкесіне дейін жетуі мүмкін. Егер инфекция ошағы қалса, ол тұрақты тістердің бастамасын зақымдап, тіпті сүйек тінінің қабынуын тудыруы ықтимал, – деп түсіндіреді маман.

Дәрігердің айтуынша, сүт тісін ерте жұлу көрші тістердің жылжуына әкеледі. Соның салдарынан тұрақты тіс өз орнынан қиғаш шығып, тістесу бұзылады. Бұл – бірнеше жылдық ортодонтиялық ем, брекет және қосымша шығындар деген сөз.

Сүт тістерінің үгітілуіне әдетте келесі тәтті қоспа немесе шырын құйылған бөтелкемен ұйықтау, тәтті тағамды жиі жеу, минералдардың жетіспеушілігі, тісті тұрақты тазаламау себептері әсер етеді.

– Тісінің жартысынан көбі бұзылғанда, пломба көмектеспейді. Коронка тісті табиғи түскенше қорғайды, бала ауырсынбай тамақ жей алады. Бұл – стоматологтың қалауынан емес, тұрақты тіс орнына дұрыс шығуы үшін қажет, – дейді Ернар Садықов.

Сүт тістерін емдемеу – тұрақты тістерге қауіп төндірумен тең. Бүгін үнемдеген ақша ертең қымбат әрі ұзақ емге жұмсалуы мүмкін.

– Мен емге көп ақша жұмсадым, бірақ қызым тіс ауруын білмейді. Ең бастысы сол деп ойлаймын, – дейді Жансая Ниязова.

Мамандардың айтуынша, балалар стоматологиясына алдын ала барып, профилактикалық қаралу – асқынған кариесті емдеуден әлдеқайда арзан әрі жеңіл. Алғашқы тістердің саулығы – болашақ тістердің кепілі.