Павлодарда №5 емхана қашан жөнделмек?

Павлодарда №5 емхана қашан жөнделмек?

Қалалық №5 емхананың ғимараты ескі, техникалары тозған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы қаланың тұрғындарының бірі облыс әкімі Асайын Байхановтың Естай атындағы мәдениет сарайында жұртшылықпен кездесуінде айтты.

   Емхананың ғимараты ескі, бір бөлмеде екі дәрігер отырып, емделушілерді қабылдайды. Тексеретін аппараттары бесінші қабатта, лифт жоқ болғандықтан, зейнеткерлерге көтерілуге қиын, – деді зейнеткер.

Аймақ басшысы емхана мәселесін қолға алатынын жеткізді.

–    Облысымызда ескі емханалар жеткілікті. Кардиологиялық орталық және онкологиялық диспансер күрделі жөндеуді қажет етеді. Бірінші кезекте қалалық №1 емхананың толықтай жөндеу жұмыстарын келесі жылдың сәуір айында аяқтау көзделіп отыр, сол аяқталғаннан кейін балалар емханасы мен №5 емхананы қолға аламыз, – деді облыс әкімі.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр күзде аяқталуы тиіс Павлодардағы №1 аурухананың жөндеу жұмыстары биыл аяқталмаған соң келесі жылға шегерілді. Облыс орталығындағы жеті қабатты, үш блогы бар ең үлкен аурухананы жөндеп, жабдықтар алуға 2021 жылы 12 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.