Павлодарлық студент таэквондодан үш дүркін ел чемпионы атанды
Студент спорттың бұл түрімен сегіз жасынан айналысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда тұңғыш рет жасөспірімдер мен жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтіп, оған республиканың барлық облыстарынан спортшылар қатысты. Оған өнер және спорт жоғары мектебінің 1 - курс студенті Алина Самбуева қатысып, алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, тамыз айында Үндістанда өтетін Азия чемпионатына жолдама алды.
– Ең күшті қарсыластар қарағандылықтар болды, бірақ жеңіс біздікі. Енді менің Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер санатын алуыма мүмкіндік бар, Азия чемпионатына дейін жетеміз деп сенемін. Ол үшін жақсы дайындық керек, – дейді спортшы.
Спортшы жас болса да көп еңбек етіп, үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Ол өткен жылы Минскіде өткен әлем чемпионатына және әлем кубогына қатысты. Сонымен қатар, биыл Астанада өткен әлем чемпионатында үшінші орынды жеңіп алды.
Алина Самбуева бұл таэквондо жекпе-жегімен сегіз жасынан бастап айналысып келеді. Ол Екібастұз қаласындағы №1 жасөспірімдер спорт мектебінде дайындалады. Бүгінгі таңда ол дене шынықтыру мұғалімі мамандығына оқуда. Болашақта жаттықтырушы болуды армандайды.