Павлодарлық студенттер жас домбырашылар байқауында топ жарды

Павлодарлық студенттер жас домбырашылар байқауында топ жарды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жас күйшілердің биік жетістіктерге жетуінде ұстаздарының еңбегі зор, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Астана қаласында тұңғыш рет өткен «Күй шебері» республикалық домбырашылар байқауында Павлодар облысының музыкалық колледжінің студенттері жүлделі орындарды қанжығаларына байлап қайтты.

100-ден астам жас домбырашы қатысқан өнер додасында Ислам Бодықов бас жүлдені жеңіп алып, құны 350 000 теңге тұратын «күміс домбыраның» иегері атанды. Дарынды жас күйші Қаршыға Ахмедияровтың «Ақ мешіт» күйін жоғары деңгейде орындап, қазылар алқасының ерекше бағасына ие болған. Өнер сайысында күйші, зерттеуші, профессор Жанғали Жүзбай мен белгілі күйші Дарын Құдайберген төрелік етті.

Жас домбырашылар додасында тағы төрт павлодарлық студент жеңіс тұғырынан көрініп, жүлделі орындарды олжалады. Күй додасында бірінші орынға  Диас Қайыркен, екінші орынға Әмір Қайыр, ал үшінші орынға Дархан Әбдіхалықов мен Кәрім Жұмабек қол жеткізді.

Толқын Байбосынова, Салтанат Өтемісова және Нұрман Сайлауов шәкірттерінің талантын шыңдап, өнер жолында бағыт-бағдар беріп жүр.