Павлодарлық тұрғын сапасыз пәтер жөндеуі үшін 6,5 млн теңгеден астам өтемақы алды
Мердігер шартта көзделген міндеттемелерін толық орындамаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтарға жөндеу-құрылыс қызметтерін алу кезінде өз құқықтарын қорғаудың маңыздылығын еске салады. Құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасына қатысты дау туындаған жағдайда тұтынушылардың заңнамада көзделген құқықтарын білуі және оларды қорғау үшін уақтылы жүгінуі маңызды.
Осындай істердің бірінде тұтынушы мердігермен құны 6,5 миллион теңге болатын пәтерді «кілтпен тапсыру» тәсілімен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы шарт жасасқан. Шарт талаптарына сәйкес мердігер құрылыс-монтаж және әрлеу жұмыстарының толық кешенін белгіленген мерзімде орындауға міндеттенген. Тапсырыс беруші 650 мың теңге көлемінде алдын ала төлем жасап, кейін орындалған жұмыстар үшін қосымша төлемдер жүргізген.
– Алайда, мердігер шартта көзделген міндеттемелерін толық орындамаған. Жөндеу жұмыстары аяқталмай, мердігер нысанды тастап кеткен. Пәтерге жүргізілген тексеру барысында әрлеу, сырлау, қаптау және электрмонтаж жұмыстары бойынша көптеген ақаулар анықталды. Тәуелсіз сараптама нәтижесінде орындалған жұмыстардың құрылыс нормалары мен сапа талаптарына сәйкес келмейтіні, ал анықталған кемшіліктерді жою үшін жөндеу жұмыстарының едәуір бөлігін қайта орындау қажеттігі белгілі болды, – деді департаментте.
Павлодар облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің түсіндіруінше, Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 24-бабының 4-тармағына сәйкес орындаушы орындалатын жұмыстың немесе көрсетілетін қызметтің тиісті сапасын қамтамасыз етуге міндетті.
Сонымен қатар, аталған Заңның 35-бабына сәйкес орындалған жұмыстан немесе көрсетілген қызметтен кемшіліктер анықталған жағдайда тұтынушы кемшіліктерді өтеусіз жоюды, жұмыстың немесе қызметтің құнын тиісінше төмендетуді, жұмысты қайта орындауды немесе дәл сондай сапада басқа бұйымды өтеусіз дайындауды, егер бұл шартта көзделсе, кемшіліктерді жоюға жұмсалған шығындардың өтелуін талап етуге құқылы.
Егер орындаушы белгіленген мерзімде кемшіліктерді жоймаса немесе анықталған ақаулар елеулі әрі жоюға келмейтін болса, тұтынушы шартты бұзып, келтірілген залалдың толық көлемде өтелуін талап ете алады.
– Келтірілген материалдық шығынның көлемін анықтау үшін тәуелсіз бағалау жүргізіліп, қалпына келтіру жұмыстарының құны 5 847 837 теңге деп бағаланды. Кейін тұтынушы өз құқығын қорғау мақсатында сотқа жүгінді. Департамент сот процесіне үшінші тұлға ретінде қатысып, тұтынушының орындалған жұмыстардың кемшіліктерінен келтірілген залалды өтеуге құқығы Қазақстан Республикасының заңнамасымен кепілдендірілгенін атап өтті, – деді басқарма мамандары.
Павлодар қаласының Азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен тұтынушының пайдасына 5,8 миллион теңге көлемінде материалдық залал, 200 мың теңге моральдық зиянның өтемақысы және 480 мың теңге сот шығындары өндірілді. Осылайша, тұтынушының пайдасына өндірілген қаражаттың жалпы сомасы 6,5 миллион теңгені құрады.