Павлодарлық тарихшы: Шекелікті тіл-көзден сақтану мақсатында да таққан

Павлодарлық тарихшы: Шекелікті тіл-көзден сақтану мақсатында да таққан
Фото: Константин Шелков

@Pavlodarnews.kz тілшісі қазақтың зергерлік әшекей бұйымдарының бірі – салпыншақты шекеліктің тарихына үңіліп көрді. 

Шекелік – өзінің аты айтып тұрғандай, қыз-келіншектердің бас киімінің төменгі жиегінен екі жақ ілмектеріне немесе шашқа шеке тұсқа тағылатын сәндік әшекей бұйым. Павлодар облыстық Потанин атындағы тарихи-өлкетану музей қорларының бас сақтаушысы, тарихшы Әлия Жомартованың сөзінше, шекелік көбінесе салтанатты той кезінде ежелгі заманда тағылған. 

– Кейбір зергерлік бұйымдар көне дәуірлерде ержүрек, батыл қыздарымыз күнделікті өмірде де таққан болатын. Әдетте, жас келіншектер, тұрмыс құрмаған қыздар, бойжеткендер шекелікті халықтың алдына шыққанда тойда, салтанатты жағадайларда тағатын, – деді Әлия Жомартова.

Аталмыш бұйым негізі күмістен жасалып, маржан, ақық, перезе сияқты тастармен безендіріледі. Олардың ұзындығы, салмағы әртүрлі болып келеді. 

– Шекелік бірнеше үзбелі бөліктерден тұрады. Кейде олар иықтан төмен түсіп тұрады. Сәндік бұйым геометриялық пішінді, бір-бірімен тіркескен жалпақша бөлшектерден тұрады. Шекелік негізгі бөлігіне тиындар, түрлі тастар қосылып, жасалады. Олар арулардың сыртқы келбетіне әсемдік қосып, сәнін келтіріп, тартымды етіп көрсетеді, – деп атап өтті Әлия Жомартова.

Тарихшының сөзінше, әшекей бұйым шашақтала дәнекерленген сымдар арқылы сыңғырлаған қоңырау үнін әкелетін салпыншақтарды жалғаған. Бұл әшекейдің қорғаушылық қасиетімен байланыстырған. 

– Шекелік көшпенділер сеніп жүрген зұлым көзден, рухтардан қорғаушы зат болып саналды. Салпыншақтар жас қыздарды тіл-көзден сақтап жүрді деген түсінік болды, – деді Әлия Жомартова. –Солтүстік өңірлерге қарағанда Шығыс Қазақстанда кеңінен таралып, бойжеткендер арасында жиі тағылатын.


Павлодар облыстық Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің қорында шекелік бұйымы жәдігер ретінде сақталған. Атақты қазақстандық зергер Берік Әлібайдың антикварлық коллекциясында болған. XIX ғасырдың жартысында жасалған бұйым музей қорына 2007 жылы арнайы экспозиция үшін тапсырылған болатын.