Павлодарлық туристер республикалық чемпионатта олжалы оралды
Тау туризмі бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты Алматы облысындағы Тамғалы-Тас шатқалында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық білім беру бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бес күнге созылған байрақты бәсекеде өңір намысын «Павлодар» және «Искра» құрама командалары қорғап, жүлделі орындардан көрінді.
– Жарыс бағдарламасы бойынша қатысушылар таулы қашықтықтардан өту, асуларға көтерілу және күрделі өткелдерді еңсеру шеберліктерін көрсетті. Павлодарлық спортшылар жоғары дайындық деңгейі мен ұйымшылдық танытып, бірнеше санат бойынша үздіктер қатарына енді, – делінген хабарламада.
Жасөспірімдер арасында «Павлодар» командасының мүшелері Давид Бартель мен Виктория Ерофеева байламдар бойынша екінші орынды иеленді. Ал Алексей Ридзаускас пен Мария Чубенко үшінші орынға табан тіреді. Жалпы есепте жасөспірімдер тобы ҚР чемпионатының күміс жүлдегері атанып, «Іле-2026» республикалық жарысында үздік үштікті түйіндеді.
Юниорлар мен ересектер тобы да бос қайтпады. Азиза Булатова бастаған юниорлар «Асу» қашықтығында үшінші орын алса, Михаил Сидоренко бастаған ересектер тобы өткелден өту мен жалпыкомандалық есепте қола жүлдеге ие болды.
«Искра» командасының қыздары ерекше нәтиже көрсетті. Аяулым Имангазина мен Елизавета Звонковская байламдық сайыста және «Өткел» кезеңінде бірінші орын алып, алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ олар жартасты асуда екінші орынға ие болып, жалпыкомандалық есепте күміс жүлде иеленді.