Павлодарлық волонтерлер Жеңіс күні қарсаңында ардагерлермен жүздесті

Павлодарлық волонтерлер Жеңіс күні қарсаңында ардагерлермен жүздесті
Фото: ұйымдастырушыдан

Кездесу «Ulkenge kurmet» акциясында жүзеге асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Волонтерлер жалғыз тұратын қарт адамдарға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және тыл еңбеккерлеріне қолдау көрсетуді жөн көрді. Олар бірінші кезекте қажетті деп саналатын азық-түліктер салынған себеттерді ала барды. Сонымен қатар, қатысушылар өлең оқып, соғыс жылдарының әндерін орындап, ардагерлермен әңгімелесті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның басты мақсаты – тек көмек көрсету емес, үлкендерге бір сәтке болсын көңіл бөлу.

– Акцияның идеясы патриоттық сананы нығайту және тарихи жадыны сақтау. Әр ардагерді жеке құттықтап, алғыс білдіріп, жылы қарым-қатынас орнату өте маңызды, – деді облыстық волонтерлер орталығының жетекшісі Тамирис Бесеенова.

Волонтерлердің пайымдауынша, мұндай кездесулер мерекенің мәнін жаңаша түсінуге көмектеседі, жастардың тарихқа деген құрметін қалыптастырады және жауапкершілік сезімін оятады. Сонымен қатар, мұндай акциялар ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтады.