Павлодарлық зағиптар қоғамына автобус сыйлады
Бұған дейін жергілікті билік кәсіпорын қызметкерлерінің қала ішінде қатынауы үшін көлікпен қамтамасыз етуге уәде берген болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Павлодардағы филиалына жаңа жайлы автобус табысталды.
Облыс әкімі Асайын Байханов қоғам қызметкерлеріне 1200 орындық мектеп салу үшін жер учаскесін қалаға бергені үшін алғысын білдірді.
– Сіздердің кәсіпорын аумағын сатып алу мәселесіне түсіністікпен қарағандарыңыз бүгінгі таңдағы оқушы орындарының тапшылығын шешуге көмектеседі. Бұл үш ауысымда оқуға мәжбүр болған балалардың болашағы үшін өте маңызды, ал, тіпті, кейбір сабақтар дәліздерде өтеді. Біз мұны бағалаймыз және өз тарапымыздан сіздерге әрқашан қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз. Сондай-ақ, бұл автобустың «Рубиком» компаниясының демеушілік қолдауымен сатып алынғанын атап өткен жөн және компанияның басшылығына әлеуметтік жауапкершілік танытқаны үшін алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі.
«Қазақ зағиптар қоғамы» ҚБ төрағасы Алмат Наурызбаев көру қабілеті нашар адамдарға қолдау көрсеткендері үшін облыс және қала әкімдіктеріне алғысын білдірді.
– Біз жан-жақты қолдауды сезінеміз. Біз де аймақ экономикасына өз үлесімізді қосамыз деп айта аламын. Қазір өндірісімізді кеңейтуге дайындалып жатырмыз, жаңа жабдықтар алдық, қазіргі уақытта қосылуда. Содан соң жұмысымызға кіреміз. Бүгін бізге автобус кілті табысталды. Үлкен рахмет, – деп атап өтті Алмат Наурызбаев.
Павлодардағы қазақ зағиптар қоғамының құрылғанына 60 жылдан асты. Бір кездері мұнда трактор зауытына арналған бөлшектер, көлік сымдары жасалды, ал, қазір мұнда төсек-орын, киім, матрацтар, қолғаптар, сүзгілерге арналған тысқаптар тігіледі, алдағы уақытта жиһаз жасау жоспарда бар.