Павлодарлық жүргізуші: Жолаушылардың қауіпсіздігін басты орынға қоямын

Қазіргі кезде автобус жүргізушілер саны 250-ге жуық, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының көшелерінде күн сайын жүздеген автобус жүйткіп жүреді. Мыңдаған жолаушыны діттеген жеріне жеткізу – сол рөлдегі адамдардың жауапкершілігі. Бір қарағанда жай ғана жүргізуші секілді көрінгенімен, олардың әрқайсысының артында үлкен еңбек, төзім мен тәжірибе жатыр. Солардың бірі 43 жыл өмірін қоғамдық көлікке арнаған жүргізуші, бүгінде №22 бағыттағы автобус бригадирі Алтынбек Керімжанов.
– 1982 жылы әскери борышымды өтеп келгеннен кейін-ақ жүргізушілікке кірістім. Бұл мамандықты маған ешкім ұсынған жоқ, ата-анам да міндеттеген жоқ. Өзім қаладым, жүрек қалауыммен таңдадым. Сол таңдауыма еш өкінген емеспін. Былтыр зейнет жасына жетсем де, әлі күнге дейін сүйікті ісіммен айналысып жүрмін, – дейді ол.
Жүргізушілердің жұмыс уақыты ерекше: олар күніне 14 сағатқа дейін рөлде болады. Мұндай режим темірдей тәртіп пен шыдамдылықты талап етеді.
– Таңертең автобусқа отырған сәттен бастап жауапкершілік арта түседі. Жолаушының өмірі сенің қолыңда. Қалада кептеліс болады, ауа райы қолайсыздық тудырады, кейде жолаушылардың мінез-құлқы да әртүрлі. Бірақ ең бастысы – оларды аман-есен діттеген жеріне жеткізу, – дейді тәжірибелі жүргізуші.
Алтынбек Керимжановтың айтуынша, кейде автобуста күтпеген жағдайлар болады. Қатты тежеу немесе кенет бұрылу кезінде жолаушылардан міндетті түрде кешірім сұрайды. Өйткені ең бастысы – адамдардың көңілі мен қауіпсіздігі.
– Автобуста телефонға алаңдауға болмайды. Бастысы жолаушылардың сенімін ақтау. Әр сапар соңында олардың ризашылығын есту – ең үлкен марапат, – дейді ол.
Ал Павлодар қаласындағы автобус паркі жайлы мәліметті жолаушылар тасымалы қызметінің бастығы Сергей Чусов айтып берді.
– Қазіргі таңда автопаркте 250-ге жуық жүргізуші еңбек етеді. Олардың орташа еңбек өтілі 15-20 жыл. Күн сайын қала көшелеріне 125 автобус шығады. Олар 18 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Соңғы жылдары автопарк жаңартылып, жаңа әрі жайлы автобустар әкелінді. Бұл әрі жолаушыларға, әрі жүргізушілерге қолайлы, – деді ол.
Алайда салада кадр тапшылығы байқалады.
– Жастар сирек келеді. Көбіне 40-50 жастағы тәжірибелі мамандар қайта оралып жатыр. Жұмысқа орналасу үшін «D» санатты жүргізуші куәлігі қажет, сонымен қатар жаңа қызметкер арнайы тағылымдамадан өтеді. Өйткені бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық, – дейді Сергей Васильевич.
Басшылықтың айтуынша, алдағы басты міндет – автопаркті одан әрі жаңарту және жолаушыларға сапалы қызмет көрсету. Ал жүргізушілер үшін басты мақсат – жолдағы қауіпсіздік пен адал қызмет.