Павлодарлық жағажай Қазақстанның ТОП-3 үздік жағажайлар тізіміне кірді

Өңір тұрғындарының сүйікті жағажайы алғашқы сатыда орын алған облыстардағы сияқты курорттық орын емес, қалалық, қоғамдық болып есептеледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақстанда жағажай маусымының аяқталуына байланысты «Үздік жағажай» бағдарламасының қорытындысы шығарылды. Байқау Kazakh Tourism бастамасымен және ҚР Туризм және спорт министрлігі мен «Атамекен» ҰКП қолдауымен ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты – еліміздегі су айдындарында қызмет көрсетудің және қауіпсіздік стандарттарын арттыру.
Биыл сараптамалық комиссияның назарына өңірлерден 30 астам жағажай ұсынылды. Оның ішінде жекеменшік әрі қалалық жағажайлар болды. Бағалау ҚР СТ 3013-2017 ұлттық стандартына сәйкес жүргізілді және халықаралық Blue Flag бағдарламасының жекелеген критерийлері ескерілді.
Іріктеу кезінде акваторияның қауіпсіздігі, санитарлық жағдайы мен инфрақұрылымы, құтқарушылар мен медициналық бекеттердің болуы, суға кірудің ыңғайлылығы, аумақты жоспарлау, судың сапасын тұрақты түрде бақылау және қоқысты бөлек жинау, күн энергиясымен жұмыс істейтін душ кабиналары, экологиялық білім беру іс-шараларын қамтитын экологиялық бастамалар есепке алынды.
Сараптамалық комиссияның бағалауы бойынша ТОП-3 үздік жағажайы анықталды. Олар жинауға мүмкін болған 170 балл бойынша жоғары көрсеткіштерді иеленді:
Бірінші орынға 166 балл жинаған Ақмола облысы Бурабайда орналасқан Wyndham Garden Beach ілікті. Алматы облысы Қонаев қаласындағы №5 қалалық жағажайы 145,5 баллмен тізімдегі екінші орында орнықты. Ал үшінші орын Павлодар қаласындағы Орталық жағалауы иеленді. Павлодар облысының бас жағажайы 145 балл жинады.
Айта кетерлігі алғашқы екі жағажай курорттық аймақта орналасады, ал Павлодар қаласындағы Орталық жағажай барша тұрғын және қонақтары үшін қоғамдық, ашық болып саналады. Соңғы жылдары болып жатқан абаттандыру жұмыстары, күрделі өзгерістер, батыл шешімдер облыс әкімі Асайын Байхановтың жетекшілігімен өтуде. 5-6 жыл бұрын облыстың қазіргі басшысы қала әкімі болған кезде жағалау инфрақұрылымын дамытуда ерекше серпін алды. Жұмыс одан әрі қарқынды жалғасуда. Жаяу жүргіншілер көпірін салу жоспарлануда, яғни алдағы уақытта жағалау ұзарады.
Үздік жағажайлар таза әрі қауіпсіз акваториясымен, дамыған инфрақұрылымымен (киім ауыстыратын бөлмелер, душ кабиналары, демалыс аймақтары, дәмханалар), балалармен келетін отбасыларға қолайлығымен, табиғатты сақтау мақсатындағы экологиялық шешімдерді және бастамаларды қолданумен ерекшеленді.
Сонымен қатар сараптамалық комиссия Ақмола, Қостанай, Маңғыстау, Атырау, Қарағанды, Қызылорда облыстарындағы жағажайлар бойынша өтінімдерді қарады. Олар бойынша әкімдіктермен және бизнес қауымдастықпен бірге ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
– «Үздік жағажай» бағдарламасы – бұл еліміздің ең үздік жағажайларын анықтау ғана емес, сонымен қатар өңірлерді өздерінің демалыс аймақтарын халықаралық стандарттарға сәйкес дамытуға ынталандыру. Ақмола, Атырау, Қостанай, Қарағанды және Алматы облыстарының өңірлік кәсіпкерлер палаталары мен әкімдіктеріне белсенді әріптестік танытып, біздің бастаманы қолдағандары үшін алғыс білдіреміз. Үздік ТОП-3 қазіргі жағажайдың қандай болуы қажет екендігін көрсетеді: қауіпсіз, ыңғайлы және экологиялық таза», – деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.
«Үздік жағажай» бағдарламасы жыл сайын өткізілетін болады.
Еске сала кетейік, 2023 жылы Орталық жағалауда балаларға тегін бассейн ашылды. Балалар кешен аумағына ата-аналарының сүйемелдеуімен кіреді. Бассейнде жүзу нұсқаушысы және құтқарушы жұмыс істейді. 2024 жылы 20 жыл бойы жөндеу жүргізілмеген жағалауда күрделі жөндеу бастау алған болатын. Жоба инвесторлар үйінен Естай көшесінен төменгі жағына дейінгі жұмыстарды қамтыды. Барлық баспалдақтар жөнделіп, субұрқақтардың жиектері мен каскады ауыстырылды.