Ақсуда темір жол бойына қоқыс аударып кеткен тұрғын ескерту алды
Полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы көпқабатты тұрғын үйлерге іргелес аумақтарды күтіп ұстау бойынша рейд жүргізді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақсу қаласының тұрғыны Дөнентаев көшесі бойындағы темір жолдың жанына қоқыс тастаған.
– Осылайша қала аумағын абаттандыру ережесін бұзған ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылды. Сондай-ақ, мұндай фактілерге жол бермеу туралы ескертілді, – деді Ақсу қаласы полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы Арман Рахметов.
Полиция қызметкерлері азаматтар мен ұйымдардың иелерін, жеке кәсіпкерлерді жақын маңдағы аумақтардың, аулалардың, қала көшелерінің тазалығын сақтауға шақырады.