Павлодарлық жастар Ата Заң тарихымен танысты
Бұл үшін лайықты орын таңдалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Г.Н. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне орай «Айбарлы асқар елді асқақтатар Ата Заң» атты дөңгелек үстел өтті. Оған педколледж студенттері, «Жас ұрпақ» үйі мен «Жас дәурен» орталығының тәрбиеленушілері қатысты.
Музейдің ғылыми-зерттеу жұмыстар бөлімінің маманы Әлия Батталова жастарға еліміздің негізгі заңының қалыптасу тарихымен таныстырды. Кездесу «сұрақ-жауап» форматында өтіп, қатысушылар заңның үстемдігі, елдегі біртұтастықты сақтау мен әділетті қоғам құрудың қажеттілігін атады.
Өз кезегінде бөлім басшысы Гүлжайнат Әлиева жастарды келе жатқан мерекемен құттықтап, оларға болашақта Қазақстан мақтан тұтар азаматтары болуға тілек білдірді.
- Конституцияның – елдің бас заңы екендігін бұрыннан білемін, - дейді павлодарлық Иван Мамошин. – Әрбір Қазақстан азаматы құқықтардан бөлек, міндеттері бар. Оны ұмытпау керек. Конституция осының кепілі.
Кездесу соңында жастарға арнап экскурсия өткізіліп, олар Павлодар облысы тарихымен танысты.