Павлодарлықтарға Құрбан айт мерекесін өткізу тәртібі түсіндірілді

Павлодарлықтарға Құрбан айт мерекесін өткізу тәртібі түсіндірілді
Фото: Константин Шелков

Биыл қасиетті мереке 27-29 мамыр аралығында өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Құрбан айт - мұсылман қауымы үшін ең ұлық діни мейрамдардың бірі. Бұл күндері жамағат мешіттерге жиналып, Айт намазын оқып, бір-біріне ізгі тілектер айтып, амандық пен береке тілейді. Сонымен қатар, мұқтаж жандарға көмек көрсету, ағайын-туысты аралау, ата-баба рухына құран бағыштау секілді игі амалдар кеңінен жасалады.

27 мамыр күні таңғы сағат 06:00-де облыстың барлық мешіттерінде Айт намазы бір мезгілде оқылады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкіл имамы, Мәшһүр Жүсіп  мешітінің бас имамы Жолдас қажы Бердімұратұлы мұсылман күнтізбесіндегі Зұлхижжа айының ерекшелігіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл айда қажылық пен құрбандық шалу құлшылықтарына ерекше мән беріледі.

- Бұл жыл мұсылмандардың күнтізбесіне сәйкес 1447 жыл деп бекітілген. Зұлхижжа айы келген кезде біз екі нәрсеге қатты көңіл бөлеміз. Біріншісі - қажылық құлшылығы, екіншісі -  құрбандық шалу. Биыл Құрбан айт мамыр айының 27, 28, 29 күндеріне сәйкес келеді. Осы үш күн бойы қасиетті мерекені қарсы аламыз, - деді бас имам.

Сондай-ақ, ол 26 мамыр - Арафа күні екенін айтып, шамасы келетін жандарды бір күн ораза ұстауға шақырды.

- Пайғамбарымыздың хадисінде «Кім Арафа күні ораза ұстаса, Алла тағаладан оның екі жылдық күнәсін кешіреді деп үміт етеміз» делінген. Сондықтан халықты 26 мамыр күні ораза ұстауға шақырамыз, - деді ол.

Бас имамның сөзінше, құрбандық шалу Айт намазы оқылғаннан кейін ғана басталады.

- Айт намазын оқымай тұрып құрбандық шалуға болмайды. Құрбандық шалу уақыты айт намазынан кейін басталып, 29 мамыр күні күн батқанға дейін жалғасады, - деді Жолдас қажы Бердымұратұлы.

Биыл Павлодар қаласында құрбандық шалуға арнайы орын ретінде «Құлагер» ипподромының аумағы белгіленген. Мұнда санитарлық және ветеринарлық талаптарға сай жағдай жасалған. Атап айтқанда, қоқыс контейнерлері орнатылып, су мен электр жарығы тартылған. Сонымен қатар, медицина қызметкерлері мен коммуналдық қызмет өкілдері кезекшілік етеді.

Облыстың қала-аудандарында да арнайы мал сою орындары дайындалған. Дегенмен жеке үйде тұратын тұрғындарға өз ауласында құрбандық шалуға тыйым салынбайды.

Басқосу барысында құрбандық шалудың шариғаттағы талаптары да түсіндірілді. Қой мен ешкі бір жастан жоғары, ал сиыр екі жастан асқан болуы тиіс. Қой мен ешкіні бір адам шалса, ірі қараны жеті адам бірігіп шалуға болады.

- Құрбандық етін үшке бөліп тарату - абзал амал. Бір бөлігі өзіне, бір бөлігі туыстарға, бір бөлігі мұқтаж жандарға беріледі. Алайда барлық етін садақа қылып қалдырамын деген адамдар болса, ол да өз еркінде, - деді бас имам.

Бұдан бөлек, биыл құрбан шалудың онлайн форматы да жалғасады. Арнайы іске қосылған qurban2026 сайты арқылы тұрғындар қой немесе ірі қараға тапсырыс бере алады. Құрбандық шалынғаннан кейін фото және видеоесеп тапсырыс берушінің WhatsApp нөміріне жіберіледі.

Құрбан айт күндері облыстағы «Мәшһүр Жүсіп» мешітінде ұлттық ойындар мен рухани-мәдени шаралар ұйымдастырылады. Іс-шаралар 27 мамыр күні сағат 14:00-де басталады.

Павлодар облысының дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Байбакіров өңірдегі конфессияаралық татулықтың маңызын атап өтті.

- Қазақстан - зайырлы мемлекет. Республикамызда 18 конфессия болса, өңірімізде 12 конфессия өз қызметін жүргізіп жатыр. Барлығына бірдей жағдай жасалып келеді. Біз халықты әрдайым бірлікке, бейбітшілікке шақырамыз. Осы ретте барша мұсылман қауымын Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын, - деді ол.

Мерекенің негізгі мәні - мұқтаж жандарға көмектесу, туыстық байланысты нығайту және ел арасындағы бірлік пен мейірімділікті арттыру.