Павлодарлықтарға 13-ші жалақы беруге міндетті ме?
Бұл жұмыс берушінің қаржылық жағдайына байланысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Он үшінші жалақы айлық еңбекақыдан тыс беріледі. Ол үнемдеу есебінен қалыптасады.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапанов мәлім етті.
– Біреулер оны жалақы түрінде алса, кейбірі аз мөлшерде алады. 13-ші жалақы бұл – сыйақы. Біз жұмыс берушіні оны төлеуге мәжбүрлей алмаймыз, – деп түсіндірді Асқар Қапанов. –Кәсіпорын оны төлей алады, бірақ ол міндетті емес. Мұның бәрі қаржылық жағдайға байланысты.
Оның сөзінше, мемлекеттік еңбек инспекциясы облыс кәсіпорындарында жалақыны арттыру бойынша мониторинг жүргізді.
– Жыл басынан өңірдегі 60 кәсіпорын 56 мыңнан астам жұмыскердің еңбекақысын көтерді. Жалақының өсуі орташа есеппен 16% құрады, – деп атап өтті Асқар Қапанов.
Биыл 11 ай ішінде мемлекеттік еңбек инспекторлары азаматтардың 1230 өтінішін қарады. Оның ішінде 1144-еңбек қатынастары бойынша, онда қойылған мәселелердің басым бөлігі жалақыны уақтылы төлемеуге тиесілі. Шағымдардың көп бөлігі жеке кәсіпкерлікке қатысты түседі.
Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап, тексеруді бастамас бұрын еңбек басқармасы оны прокуратурада тіркейтін болады. Ол үшін еңбек шарты болуы керек. Ол нақты дәлел ретінде саналады. Егер бұл құжат болса, басқарма жалақының 100% өндіріп алуына қол жеткізе алады.