Павлодарлықтарға киіз үй тігуді үйретеді
Шеберлік сабақтары жастар бастамаларын дамыту орталығында өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
3 наурыз күні облыстық жастар бастамаларын дамыту орталығында (ЖБДО) қазақтың дәстүрлі баспанасын құрастыру және бөлшектеу бойынша алғашқы сабақ өтті.
Орталық директоры Азамат Әуешевтің айтуынша, шеберлік сабағына қатысушылар барлығын өз қолдарымен жасаған, ал жаттықтырушылар тек бағыт-бағдар беріп тұрған.
– Құрастыру қиын емес, бұл - киіз үй құрылысының ерекшелігі. Біз бірнеше шеберлік сабақтарын өткіземіз. Біріншісі орталығымыздың белсенділеріне арналды, одан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының жастарын шақыруды жоспарлап отырмыз, – деді Азамат Әуешев.
Оның айтуынша, бұл идея Наурыз мейрамын тойлау қарсаңында туған және орталықта оны белсенді түрде қолдаған.
– Өйткені бұл әрі ұлттық дәстүрді дәріптеу, әрі, мысалы, топта жұмыс жасау сияқты пайдалы дағдыларды дамытуға көмектеседі. Бір адамға киіз үй құрастыру қиын, ал бірігіп жасау оңайырақ. Бұл команда құру деп айта аламыз. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында мұны тез және тиімді жасауға болады, - деді орталық директоры.
Айта кетейік, келесі шеберлік сабағы 9 наурыз күні жастар бастамаларын дамыту орталығының ғимаратында өтеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Фото: Константин Шелков