Павлодарлықтарға мансап өсірудің тамаша жолын ұсынды

Павлодарлықтарға мансап өсірудің тамаша жолын ұсынды
Фото: автор

Бастысы жоғары жалақы емес, Отанға қызмет ету, дейді қатысқандар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов жұмыс сапарымен келді. Достық үйінде облыстың жас мемлекеттік қызметшілерімен кездескен мейман Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеудің төртінші маусымының жақын арада басталатыны туралы айтты.

– Қазіргі таңдағы іріктеудің ерекшелігі – ол алты бағыттың әрқайсысы бойынша пропорционалды түрде өтеді, яғни әр бағыт бойынша бірдей сандағы резервшілер таңдалады, – деп түсіндірді Салауат Мүксімов. – Үміткерлерге қойылатын талаптар өзгеріссіз қалады: үміткерлер жасы 35-тен аспауы, білімі жоғары, жұмыс өтілі бес жылдан кем емес және мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес білуі шарт. Жалпы байқау алты кезеңнен тұрады.

Іріктеу бағыттары: әлеуметтік саясат, азаматтық қоғам, экономикалық және қаржылық саясат, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, инфрақұрылым және индустриялық даму, сауда саясаты, цифрландыру, сондай-ақ сыртқы саясат және инвестиция.

— Бұл жеке және ұлттық жетістіктерге арналған бірден-бір алаң. Президенттік жастар кадрлық резерві – елімізді жаңа деңгейге көтеретін патриоттар жаңа буыны. Резервтермен жұмыс оқуға түскеннен кейін де жалғасады: құзыреттілігін арттыру мақсатында семинарлар мен курстар өткізіледі. Бұл тек қызмет өсіру емес жекелей біліктілік арттыру, – деді агенттік төрағасының орынбасары.

Салауат Мүксімовтің айтуынша, 2019 жылы Президенттік жастар кадрлық резерві жұмыс істей бастағаннан бері 60 мыңнан астам адам конкурстан өтіп, 400-і резервке қабылданды, 80 пайызы жұмысқа орналастырылды. Мәселен, резервтегі 167 адам орталық, 37-сі жергілікті мемлекеттік органдарда қызмет атқарса, 62 адам ұлттық компанияларда жұмыс істейді.

Өз кезегінде Павлодар облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Наталья Нефедова Президенттік жастар кадрлық резервін құру дарынды жастарды әлеуметтік көтеруді қамтамасыз ететін таланттарды басқарудың негізгі бағыттарының біріне айналғанын атап өтті. Үміткерлердің шынайы мотивтерін және олардың құндылық бағдарларын анықтау үшін іріктеу кезеңдеріне бағалау құралдары – ситуациялық мәселелерді шешу және құзыреттіліктерді бағалау енгізілді.

Әр жылдары Павлодар облысынан 16 адам резервке алынды. Олардың көпшілігі мемлекеттік аппаратта және жетекші ұлттық компанияларда жауапты қызметтер атқарды. Мәселен, Асхат Оралов Мәдениет және спорт министрі, «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы, Дидар Ибраев Павлодар ауданының әкімі қызметтерін атқаруда.

Тағы бір белгілі резервші, Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеуге қатысу тәжірибесімен бөлісті. Ол бұған дейін бұған қатты күмәнмен қарағанын мойындады.

– Біз бұған дейін резервке өту мүмкін емес, бәрі алдын ала шешіліп қойған деп есептегенбіз. Шындығында бәрі мүлдем басқаша болып шықты. Мемлекет басшысы мұны еліміздің түкпір-түкпірінен дарынды, белсенді жастарды жүйелі, тең және ашық іріктеу деп ұйымдастырды. Бұл жерде білім мен тілек маңызды, бірақ ең бастысы белсенді, патриоттық ұстаным. Бұл үлкен жалақы алудың көзі емес, елді көркейту мүмкіндігі, – деді Илья Теренченко.

Құжаттарды қабылдау 1 маусымда басталып, бір айға созылады. Өтінішті pkrrezerv.gov.kz сайтында беруге болады.