Павлодарлықтар абыройларын сот арқылы қорғауда

Павлодарлықтар абыройларын сот арқылы қорғауда
Фото: Константин Шелков

Соңғы жылдары ар-намыс пен беделді қорғау мәселесі бойынша сотқа жүгінетіндердің саны артты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мұндай үрдіс Facebook, Instagram, WhatsApp сияқты әлеуметтік желілердің кеңінен қолданылуымен байланысты. Осы платформаларда қолданушылар арасында дау-дамайлар, жеке басына тіл тигізу және қисынсыз пікірлер фактілері жиі орын алады.

Сот қызметкерлерінің айтуынша, мұндай істердің көбі хат алмасу кезінде немесе пікірлердегі балағат сөздерден туындайды. Кейде тіпті адамды эмоционалды тұрғыда ренжіткен жағымсыз комментарий де сотқа себеп болады.

Қалалық азаматтық істер жөніндегі сотының судьясы Айгүл Хамитова бұған қатысты бір мысал келтірді.

– Биыл бір дәмхананың іскерлік беделін қорғауға қатысты іс қаралды. Бірінші сатыдағы сот талапты ішінара қанағаттандырған еді. Алайда апелляциялық шағым негізінде шешім өзгертіліп, жауапкердің әрекетінде заңбұзушылық болмағаны анықталды. Жағдай әлеуметтік желідегі пікірлерге қатысты еді: адамдар тамақтанған соң ауруханаға жүгінген, бірақ тексеріс нәтижесінде ешқандай бұзушылық анықталмады, – деді ол.

Талапкерлер пікірлерді жалған деп тануды және оларды өшіруді сұраған.

Биыл сот қызметкерлері ар-намыс пен абыройды қорғауға қатысты 26 іс қарады. Олардың кейбірі қанағаттандырылып, кейбірі бойынша талаптар қанағаттандырылмады, ал бірнеше іс медиация арқылы шешілген.

Сот қызметкерлері қоғамдық жерде немесе интернетте қорлау үшін 120 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл немесе 120 сағатқа дейінгі түзету жұмыстары қарастырылғанын еске салады. Қайталанған жағдайда жаза күшейтіледі.