Павлодарлықтар Ертіс жағасында құстарды бақылай алады
Шаһарда «Ертіс үні» жобасы аясында бёрдвотчинг – құстарды бақылау іс-шарасы өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Табиғат аясындағы танымдық кездесуді Павлодардың География үйі ұйымдастырады.
Жоба Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің қолдауымен «МЕЙІРІМДІ ERTIS» шағын гранттар бағдарламасы бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында, сондай-ақ Павлодар облыстық студенттік құрылыс және «Жасыл Ел» жастар жасақтарының штабымен бірлесіп жүзеге асырылып отыр.
Іс-шараға қатысушыларға құстарды бақылаудың негізгі тәсілдері таныстырылып, олардың мінез-құлқы туралы дәріс оқылады. Сонымен қатар мамандар түсірілген фото және бейнематериалдарға талдау жасап, бёрдвотчинг бойынша тәжірибелік кеңестер береді.
Усолка өзеншесі арқылы өтетін көпірде бастау алатын іс-шара 25 шілде күні сағат 09:00-ге жоспарланған.
Ұйымдастырушылар қатысушыларға табиғат жағдайына қолайлы спорттық киім киюді, өздерімен бірге фотоаппарат немесе дүрбі, жәндіктерден қорғайтын репеллент, ауызсу мен жеңіл ас алып келуді ұсынады. Қосымша тағам мен ауызсу ұйымдастырушылар тарапынан да ұсынылады.