Павлодарлықтар ит пен мысығын не үшін чиптеуі керек?

Павлодарлықтар ит пен мысығын не үшін чиптеуі керек?
ЖИ иллюстрациясы

Ит пен мысықты асырау – тек қамқорлық көрсету емес, олардың өмірі мен қауіпсіздігіне жауап беру. Сондықтан үй жануарларын уақтылы чиптеп, есепке қою маңызды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Елімізде иттер мен мысықтарды микрочип орнату арқылы міндетті түрде есепке алу қажет. Егер үй жануары жоғалып кетсе, чипті сканерлеу және дерекқордағы мәліметтерді тексеру арқылы оның иесін анықтап, байланысуға болады. Ол үшін иесінің байланыс деректері де үнемі жаңартылып отыруы тиіс.

Үй жануарын чиптеп, есепке қою үшін ветеринариялық станцияға немесе ветеринариялық клиникаға жүгіну керек.

Мамандар үй жануарын асырап алған адам оның тамағы мен күтіміне ғана емес, қауіпсіздігіне де жауапты екенін еске салады. Өйткені ит пен мысық өз мекенжайын айтып бере алмайды. Сондықтан жоғалған жағдайда иесіне қайта оралуына мүмкіндік беретін шараларды алдын ала қабылдаған жөн.

Осы мақсатта Павлодар қалалық ішкі саясат бөлімі арнайы бейнеролик әзірлеген. Ол «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында құқықтық сауаттылықты арттыру және үй жануарларына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруды мақсат етеді.