Павлодарлықтар Жаңа жылды неліктен жүгірумен қарсы алады?

Павлодарлықтар Жаңа жылды неліктен жүгірумен қарсы алады?
Фото DiеHard Pavlodar қозғалысының мұрағатынан

Бұл он жылға жуық тарихы бар тамаша дәстүр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тіілшісі.

Әр жыл сайын 31 желтоқсан кешкісін жүздеген павлодарлық Усолка шаңғы базасында жиналып, жаңа жылға сөздің тура мағынасында жүгіріп «кіреді». Биыл да дәстүр жалғасады, мерекелік формат белсенді өмір салтын ұнататындарға ерекше ұнайды.

Павлодарлық Лилия Андрееваға бұл мерекелік жарыс қатты ұнаған, сондықтан ол биыл да қатысуды жоспарлап отыр.

Бұл менің екінші жаңажылдық жарысым болмақ. Идеясы керемет. Жаңа жылды жай қарсы алу емес, оған жаңа күшпен, жаңа шабытпен еніп, барлық жоспар мен мақсаттарға серпін беру. Мен бұл жарысқа ұлыммен келемін, өйткені мұнда мейірім мен қуаныштың атмосферасы орнайды. Нағыз мереке сезіледі. Адамдар күлімдейді, жарқын костюмдер киеді. Ең әсерлі сәт отшашудың гүрсілімен мәреге жету. Сол сәтте бойыңды толқыныс билейді де, өзіңнің қаншалықты бақытты адам екеніңді түсінесің, дейді әуесқой спортшы.

Павлодарлықтар үшін бұл жарыс тек спорттық оқиға ғана емес, отбасылық дәстүрге айналды.

Екі қыздың анасы Әсемгүл Хусаинова да мерекелік стартты жібермейді. Әуесқой марафоншы балаларына спортқа деген сүйіспеншілікті дарытуға тырысады.

Жүгіру менің сүйікті хоббиім. Бұл мінез, махаббат, тәртіп, командалық жұмыс. Біз әрқашан бүкіл отбасымызды жарыстарға тартуға тырысамыз. Әр жыл сайын 31 желтоқсанда сүйікті Павлодарымыздың әкімдігі мерекелік жаңажылдық жарыс өткізеді, мен баршаңызды осы тамаша стартқа шақырғым келеді, дейді Әсемгүл.

Жаңажылдық жарыс 23:30-да басталады. Қатысушыларды тіркеу стартқа жарты сағат қалғанда, яғни 23:00-де аяқталады. Абсолюттік біріншілікте әйелдер арасында бір шақырымда және ерлер арасында екі шақырымда жеңімпаздар Аяз атадан ақшалай сыйлық алады. Әрбір қатысушы мәреге жеткені үшін медаль және жаңажылдық көңіл-күйге ие болады.