Павлодарлық жасөспірім өрт-құтқару спортынан ел чемпионатында жүлде алды
Өскеменде өткен республикалық жарыста өңір намысын қорғаған команда құрамындағы спортшы қола медаль иеленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өскемен қаласында 2026 жылғы 16–20 наурыз аралығында 12–18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында өрт-құтқару спорты бойынша Қазақстан Республикасының XI қысқы чемпионаты өтті.
Жарыста Павлодар облысының намысын №30 және №35 мектептердің оқушыларынан құралған ТЖД құрама командасы қорғады. Сонымен қатар құрам сапында Қ. Бекхожин атындағы мектеп, жоғары электроника және коммуникация колледжі мен ИнЕУ жоғары колледжінің студенттері де болды.
– Чемпионат барысында 13 жастағы спортшы Нұриддин Сайденов оқу мұнарасының екінші қабатының терезесіне көтерілу бойынша жеке есепте қола жүлдеге ие болды. Ол Павлодар қаласындағы №30 жалпы орта білім беру мектебінде оқиды, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлдегерлер медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.