Павлодарлықтар жеке куәлікті қалай қайта рәсімдей алады?

Павлодарлықтар жеке куәлікті қалай қайта рәсімдей алады?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Құжатсыз жүргендерге айыппұл салынуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстанда жеке басын куәландыратын құжатты жоғалтып алған немесе оның ұрлануына байланысты азаматтар оны мүмкіндігінше тез арада қайта рәсімдеуі тиіс. 

Павлодар облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы құжаттандыру тобының жетекшісі Кристина Анциферованың айтуынша, құжатты жоғалтқаннан кейін оны рәсімдеуді кейінге қалдырмауға кеңес береді. Себебі, жеке басын куәландыратын құжатсыз ұзақ уақыт жүру әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.

– Жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұру Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 492-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Егер азамат жеке басын куәландыратын құжатсыз 10 күнтізбелік күннен бір айға дейін тұрса, оған ескерту жасалады, ал бір айдан астам уақыт құжатсыз жүрген жағдайда 7 АЕК (30 275 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады, – деді Кристина Анциферова.

Жеке куәлігін жоғалтқан азаматтар тұрақты тіркелген жері немесе нақты тұратын жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуі қажет. Ол үшін құжаттың жоғалу мән-жайы көрсетілген жазбаша өтініш беріліп, 0,2 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі мемлекеттік баж төленеді. Егер азаматтың төлқұжаты болса, оны да ұсынуы керек.

Бір жылдың ішінде жеке куәлік екі реттен артық жоғалған жағдайда мемлекеттік баж мөлшері 1 АЕК-ке дейін өседі.

Ал құжат ұрланған жағдайда азамат қылмыстық қудалау органы берген хабарлама-талонын, мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжатты және болған жағдайда төлқұжатын тапсырады. Мемлекеттік баж төлеуден босатылған азаматтар жеңілдікке құқығын растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс.

Құжат жоғалған немесе ұрланған жағдайда уақыт оздырмай ХҚКО-ға жүгіну азаматтың мемлекеттік қызметтерді кедергісіз пайдалануына және әкімшілік жауапкершіліктен сақтануына мүмкіндік береді.