Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Рождество мерекесімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Рождество мерекесімен құттықтады
Фото: Ақорда

Президент Православ христиандары еліміздегі конфессияаралық келісімді нығайтуға елеулі үлес қосып келетінін атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz aqorda.kz сайтына сілтеме жасап.

7 қаңтар Қазақстанның барша православ христиандары Рождество мерекесін атап өтеді. 

– Бұл жарқын мейрам адамдардың жүрегіне сенім мен үміт ұялатып, барша адамзатқа сүйіспеншілікпен қарауға үндейді. Әділдік, ізгілік, шынайылық, жауапкершілік, мейірімділік, үйлесімділік сияқты мәңгілік рухани құндылықтар христиан діні мен басқа да әлемдік дәстүрлі діндердің арқауы саналады.

Православ христиандары еліміздегі конфессияаралық келісімді нығайтуға, өскелең ұрпақты отаншылдық пен еңбекқорлыққа баулуға және олардың бойына отбасы құндылықтарын сіңіруге елеулі үлес қосып келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы бірлік, тілектестік, өзара қолдау қағидаттары – мемлекеттік саясатымыздың ажырамас бөлігі, барлық жетістіктеріміздің мызғымас негізі екенін атап өтті. 

– Жұртымыз бір-біріне құрмет көрсетіп, сенім мен жанашырлық таныта отырып, әділдік және өсіп-өркендеу жолында алға қарай нық қадам жасай береді, – деді ол. 

Президент православ азаматтарға және барша халыққа шын жүректен зор денсаулық, толағай табыс пен әр үй құт-берекеге толуын тіледі.