Павлодарлықтарды бір күнді гаджетсіз өткізуге шақырады

Павлодарлықтарды бір күнді гаджетсіз өткізуге шақырады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шара жазғы ECO TERRITORY бағдарламасы аясында ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

28 маусым күні  балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығы тұрғындарды «Цифрлық детокс: гаджетсіз  қарым-қатынас» күні атты бір күндік лагерьге қатысуға шақырады.

– TOUR-маршрут – экологиялық ботаникалық кешен бойынша танымдық экскурсия. Қатысушылар жергілікті өсімдіктер мен жануарлар дүниесімен танысып, экологиялық жобалар мен табиғатты қорғау жолдары жайлы мағлұмат ала алады, – деді ұйымдастырушылар.

Табыс шыңына апаратын туристік-дайындық соқпағында шеберлік сағаты  белсенді ұжыммен жұмыс істеуді үйретіп, көшбасшылық қасиеттерді дамытуға және қозғалыс белсенділігін арттыруға бағытталған.

ECO-өмір салты квесті  қатысушылар тұрақты өмір сүру дағдылары, қоқысты сұрыптау және табиғатқа зиянсыз әдеттер туралы тапсырмаларды орындайтын қызықты командалық ойын.

Аталған лагерь  сандық тепе-теңдікті насихаттау мен балалар мен ата-аналар үшін табиғатқа жақын, экологиялық сауатты ортаны қалыптастыруды мақсат етеді. Қатысушылар технологиялардан демалып, табиғат аясында уақыт өткізіп, бір-бірімен еркін қарым-қатынас жасауға, өзін-өзі тануға мүмкіндік алады.

Іс-шара отбасындағы және мектептегі қарым-қатынасты нығайтуға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қатысушылардың коммуникациялық дағдыларын дамытуға бағытталған.