Павлодардағы ерекше көзге түскен «Жасыл ел» сарбаздары марапатталды
XX мерейтойлы еңбек маусымының жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде «Жасыл ел» бағдарламасы 2005 жылы бастау алады. Биыл бағдарламаға 19 жыл толды. Осы уақыт ішінде Павлодар өңірінде 40 000-ға жуық жас сарбаз өз үлесін қосуға үлгерді.
Жастар бастамаларын дамыту орталығында облыс әкімінің орынбасары Айгүл Маликова сарбаздардың атқарған жұмыстың маңыздылығын айтып, еңбек маусымы барысында барлық науқандарға белсенді қатысып, жақсы нәтижелер көрсеткен жастарды марапаттады.
– 19 жыл уақыт ішінде көп жұмыс атқарылды. Еңбек маусымының аяқталуымен құттықтаймын. Мемлекетіміздің және өлкеміздің көркейіп, өркендеуі үшін талмай еңбек еткендеріңізге алғыс білдіреміз, – деді Айгүл Маликова.
– Біз «Үздік жасақ» номинациясын жеңіп алдық. Жыл сайын жасақтардың саны артып келеді. Сарбаздарға осы жылы айына 150 мың теңге көлеміндегі жалақы төленді. Құрылыс жасағы болғандықтан біз университеттің құрылыс жұмыстарына жауаптымыз, – деді Әлкей Марғұлан университетінің жанынан құрылған Марғұлан құрылыс жасағының командирі Арайлым Сүндет.
Шараның қорытындысы бойынша «Үздік сарбаз» номинациясында 12 адамға диплом берілді. Бұдан бөлек «Үздік командир», «Үздік ерікті», «Үздік жасақ», «Үздік штаб» және «Үздік онлайн-штаб» номинациялары бойынша жасақтар марапатталды. Оларға сыйақы сертификаттар табысталды.