Павлодарлықтарды жасанды интеллект қорғайды
Жүйе аймақтың үш қаласында көмектеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2025 жылы Павлодар облысында «Ақылды қала» жобасы іске қосылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аймақ басшысы Асайын Байханов мәлім етті.
Облыс әкімінің айтуынша, жоба Павлодар, Екібастұз және Ақсу қоғамдық орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет. Бұған жасанды интеллект аналитикалық платформасы көмектеседі.
– Өңірдің үш қаласында қоғамдық орындарда, 150 қиылыста, 250 желілік және 20 республикалық жол учаскелерінде төрт мың камера орнатылады, – деп нақтылады Асайын Байханов.
Оның айтуынша, аймақ тұрғындарының қауіпсіздігін 5567 бейнебақылау камерасы қамтамасыз етіп отыр. Олардың басым бөлігі полиция департаментінің жедел орталығына шығарылды.
Естеріңізге сала кетейік, бұл камералар аймақты «ақылды» ететін «SmartCity» бағдарламасының бөлігі болды. Билік жобаны «Қазақтелекоммен» бірге жүзеге асыруда.