Павлодарлықтарды жетім балаларға ментор болуға шақырды

Павлодарлықтарды жетім балаларға ментор болуға шақырды
Фото: облыстық білім басқармасынан

Бұл балалардың сенімін арттырып, өмірлік бағыт-бағдарын табуына көмектеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларды қолдау мақсатында жаңа менторлық жоба іске қосылды. Бұл бастама облыстық білім басқармасы мен «Үміт үзбеу» қоғамдық қоры арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асуда.

Жобаның мақсаты – әрбір балаға ересек тарапынан қолдау көрсететін тұрақты менторлық жүйесін қалыптастыру. 

Ынтымақтастық аясында «Үміт үзбеу» қоры ментор болуға ниет білдірген азаматтарға арналған оқыту курстарын, тренингтер мен супервизиялар өткізеді. Ал облыстық білім басқармасы қатысушыларды іріктеу және мекемелермен байланыс орнату жұмыстарын үйлестіретін болады.

Жобаның маңызды бағыттарының бірі – корпоративтік менторлықты дамыту. Бұл өңірдегі кәсіпорындар мен ұйымдардың ұжымдары балаларға ментор болып, олардың әлеуметтік бейімделуіне қолдау көрсететін жүйе. Мұндай формат қоғамда балаларға жанашырлық танытып, өскелең ұрпақтың болашағына атсалысу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

– Бұл бастама арқылы біз жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың жүректеріне жылулық сыйлап, оларға сенімді тірек болатын ересектерді тартуды көздеп отырмыз. Әрбір ментор – баланың өзіне сенуіне, өмірлік жолын табуына көмектесетін тұлға, – дейді ұйымдастырушылар.

Павлодар облысының тұрғындары мен кәсіпорындары жаңа жобаға қатысуға шақырылып отыр. Қамқор болуға ниетті азаматтар 8 (7182) 32-60-02 нөміріне хабарласа алады немесе «Үміт үзбеу» қоғамдық қорының ресми сайтына өтініш беруге болады.