Елдің әр өңірінен келген сарбаздар Павлодардың қауіпсіздігін күзетеді

150-ге жуық сарбаз ант қабылдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөліміне әскери борышын өтеуге келген 150 жуық сарбаз Отан қорғауға салтанатты түрде ант берді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас сарбаздар енді бір жыл көлемінде Павлодар қаласындағы қала тұрғындарының қауіпсіздігін күзететін жауынгерлік қызметті атқаратын болады. Салтанатты шараға әскери бөлім басшылығы мен ардагерлері, сарбаздар ата-аналары, құқық қорғау органдарының және «Сарбаздар аналары» комитетінің өкілдері қатысты. Әскери бөлім командирі, подполковник Арман Пернеқұлов маңызды сәтте сарбаздарға елге адал қызмет ету керектігін еске салды.
– Осынау байтақ даланы мирас қылып кеткен, ғасырлар бойы ерліктің, табандылық пен батырлықтың үлгісі болған батыр бабаларымыздың жолын жалғастыра білуіміз керек. Жауынгерлік қызметтеріңе адал әрі қырағы болып, бір жылдық әскери борыштарыңды абыроймен орындап, аман-есен үйлеріңе оралуларыңа тілекшімін, – деп атап өтті Арман Пернеқұлов.
Сарбаздар өз кезегінде «отанқорғаушы» деген қастерлі ұғымға берік болып, өздеріне сеніп тапсырылған жауынгерлік міндеттерін абыроймен атқаруға сенімді екендерін жеткізді. Абай, Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарынан және Астана қаласынан шақырылған Отан қорғаушылар жауынгерлік қызметтің қыр-сырын үйреніп, әскери жарғыларды жаттаған.