Павлодарлық түлектер медициналық сақтандырудан айырылмауы үшін не істеуі керек

Ең тиімді жол – өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркелу, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметінің мәліметінше, мектеп, колледж және жоғары оқу орындарын тәмамдаған түлектер оқуын аяқтағаннан кейін және келесі білім беру ұйымына түскенге немесе ресми жұмысқа орналасқанға дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі сақтандырылған мәртебесінен айырылуы мүмкін.
Бұл жағдай оқу біткеннен кейін азаматтың «күндізгі бөлімде білім алушы» жеңілдік санатынан шығуымен байланысты, себебі осы санаттағы сақтандыру жарналарын мемлекет төлейді.
– Өтпелі кезеңде сақтандыруды сақтау үшін бір оқу кезеңі аяқталғаннан кейін және келесі кезең басталғанға дейінгі немесе жұмысқа орналасқанға дейінгі аралықта сақтандыру жарналарын өзіңіз төлеу қажет. Ең тиімді нұсқа – өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркеліп, ай сайын 4 250 теңге көлемінде төлем жасау. Бұл қадам сақтандырудың үздіксіздігін қамтамасыз етіп, заңнамада қарастырылған барлық медициналық қызметтерді алуға мүмкіндік береді, – деді медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалы.
Алайда, оқу жалғастырылмаса, түлек жеңілдік санатында тек оқуын аяқтаған күніне дейін ғана қалады. Осы күннен бастап жарнаны өз бетінше төлеу қажет.
Қор түлектер мен олардың ата-аналарын медициналық қызмет көрсетуде үзілістер болмас үшін сақтандыру мәртебесін алдын ала қамтамасыз етуге шақырады.