Павлодарлық 12 жасар ана: Күдікті психиатриялық ауруханада сараптамалардан өтуде
Оқушы әрі қарай білім алуды жалғастырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Білім министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова мәлім етті.
– Павлодар облысында 12 жастағы қызбен болған жантүршігерлік оқиға өте қорқынышты жағдай. Аталған фактіні ұстаздар анықтап, бірден әрекет ете бастаған. Жедел түрде психологиялық және медициналық қызмет жұмылдырылды. Әлбетте, бұл – ашық қылмыстық іс. Бұл жағдай 2023 жылы қазан айында үйінде туысымен болған, – дейді Насымжан Оспанова.
Оның айтуынша, қазіргі таңда кәмелеттік жасқа толмаған күдікті психиатриялық ауруханада орналастырылған. Тиісті сараптамалар жүргізілуде.
– Бұл оқиға Балалардың құқықтары жөніндегі комиттеттің бақылауында болады. Оқушы сөзсіз оқуын жалғастырады. Психологиялық көмек және ұстаздар тарапынан қолдау көрсетіледі, – деп атап өтті Комитет төрағасы.
Павлодар облыстық балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенева оқушының жасын ескере отырып, бала күтімі бойынша дағдыларды үйрету, психологиялық қолдау көрсету, оның және баланың жағдайын динамикалық бақылау үшін қыз жаңа туған нәрестелердің патология бөліміне ауыстырылғанын хабарлады. Бүгінгі таңда бала мен анасының жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады.
Еске сала кетейік, Шарбақты ауданында 12 жасар қыз дүниеге сәби әкелген. Оқушы 19 шілдеде облыстық перинаталдық орталыққа түскен, 20 шілде күні босанған. Аталған фактіге қатысты қызметтік тергеу жүргізілуде. Жасөспірім тамыз айында 13 жасқа толады.