Железин ауданында несие алған шаруалардың егістігі өнім берді

Железин ауданында несие алған шаруалардың егістігі өнім берді
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Майлы дақылдарды жинау әлі жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Железин ауданында биыл «Кең дала» бағдарламасының екі бағыты бойынша 74 несие рәсімделген. Оның 32-сі шаруа қожалықтарына берілген. Бұл туралы облыс әкімінің қатысуымен өткен ақпараттық жиында талқыланды.

Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимовтың айтуынша, мемлекеттік қолдауға ие болған шаруашылықтардың егіс алқаптарында өнімсіз қалған жер жоқ.

– Дәнді дақылдарды жинау жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір өнімділік гектарына 11 центнерді құрап отыр. Майлы дақылдарды жинау 50 пайыздан асты. Өнімділік әлі де көтеріледі деген болжам бар. Шаруашылық иелерімен сөйлесу барысында несиені өтеуге қатысты ешқандай тәуекел жоқ екені белгілі болды, – деді аудан әкімі.

Жиында облыс әкімі Асайын Байханов қарыз қаражатын алар алдында кәсіпкерлер өз мүмкіндігін мұқият есептеуі керектігін атап өтті.

– Несиеге өте мұқият қарау керек. Кейбір кәсіпкерлер өз мүмкіндіктерін дұрыс есептемей, талдамай қаржы алады. Кейін оны өтеу барысында қиындық туындайды. Өкінішке қарай, бұл тек Железин ауданына емес, басқа өңірлерге де қатысты, – деді Асайын Байханов.

Сонымен қатар, облыс әкімі жанармай қорын уақытылы игеріп, оны егіншілерге жеткізу мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, әр аудан әкімдігі жанармайды сатып алу операторларынан алып, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне дер кезінде жеткізуді толық ұйымдастыруы қажет.