Павлодарлық абысындар Қызылорда мен Ақтауға жолдама алды

Павлодарлық абысындар Қызылорда мен Ақтауға жолдама алды
Фото: Есенжол Исабек

Өңіріміздегі екі әулеттің келіндері бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қ. Әбусейітов атындағы мәдени-сауық орталығында «Мерейлі отбасы – мемлекет тірегі» тақырыбында III облыстық «Абысын – ажын» байқау-фестивалі өтті.

Іс-шараны орталық пен «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырған.

Байқаудың бас мақсаты – қазақ аналарын біріктіру арқылы жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтар мен дәстүрді сақтап, дәріптеу, сондай-ақ абысындар арасындағы өнегелі қарым-қатынасты, татулықты келешек ұрпаққа үлгі ету, бойжеткен мен аруларды ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып арқылы тәрбиелеу.

– Кенжекөл ауылынан келген «Жиғанбай ата» шаңырағының бес келіні және Баянауылдан келген Сапарбек ата шаңырағының алты келіні бәсекеге түсті, – деді филиал жетекшісі Айжан Әпсаттарова.

Ол екі команда да тамаша, керемет дайындалып, мәдениетті, тәрбиелі, өнегелі отбасының берекелі, бақытты тұрмысын көрсете білгенін айтты.

Байқау қортындысы бойынша, Баянауыл ауылының абысындары бас жүлдені жеңіп алса, бірінші орынды Кенжекөл ауылының абысындары иеленді.

Айта кетейік, Кенжекөл ауылының абысындары Қызылордаға халықаралық байқауға, ал Баянауыл ауылының абысындары Ақтауға халықаралық байқауға жолдама алды.