Ақсуда дауылдан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда

Бүгінгі таңда нысандардың 97% қалпына келтірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, дауылды желдің салдарынан көптеген электр желілері зақымданып, 7970 абонент жарықсыз қалды. Жұмыстар Ақсу шағын ауданында, Еңбек және М. Омаров ауылдарында жалғасуда, Қалқаман кентінде екі заңды тұлғаның нысандарында жұмыстар жүргізілуде.
Жалпы 61 көпқабатты, 102 жеке тұрғын үйдің, 16 әлеуметтік нысанның, 48 заңды тұлғаның шатырлары қирады. 250-ден астам ағаш құлады. Сондай-ақ, Дөнентаев көшесі, 46 үйінің төбесіне кран мұнарасы құлады. Зардап шеккендер жоқ. Алайда, қатты жел осы күнге дейін қажетті жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік бермеді. Бүгін мамандар үйдің төбесінен салмағы 23 тонна болатын кранның мұнарасын алып тастады. Жергілікті жерде жұмыстар жалғасуда.
19 маусымнан бастап барлық коммуналдық қызметтер тәулік бойы және күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Коммуналдық қызметтердің, мердігерлік ұйымдар мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың 1500-ден астам қызметкері, 30-дан астам арнайы техника жұмылдырылған. 1700 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Дауылдың салдарын толық жойғанға дейін жұмыстар жалғасады.