Баянауыл мен Майқайыңдағы тұрғын үй кезегінің тізімдері тексеріледі
Жаңа баспаналарды бөлуге дейін Отбасы банкіндегі мәліметтерді ретке келтіру тапсырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Баянауыл ауданына жұмыс сапары барысында салынып жатқан тұрғын үйлерді бөлу мәселесіне назар аударды.
Аудан әкімі Ардақ Кісентаевтың айтуынша, Баянауыл ауданында 93 пәтер салынып жатыр. Оның 57-сі Баянауыл ауылында, 36-сы Майқайың кентінде орналасқан.
Өңір басшысы жаңа үйлер пайдалануға берілгенге дейін тұрғын үй кезегіндегі азаматтар туралы мәліметтерді тексеріп шығуды тапсырды. Оның айтуынша, тұрғын үй кезегін жүргізу функциясы Отбасы банкіне берілгеннен кейін тізімдерде бірқатар мәселе анықталған.
– Көп адамның құжаттары дұрыс емес. Кейбір адамдар бізде тіпті тұрмайды. Кейбіреулері кезекке тұрған кезде кеткен кемшіліктерді жоймаған. Бір базадан екінші электрондық базаға ауыстырған кезде де қателер кеткен. Солардың бәрін қазір реттеу керек, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімінің айтуынша, осы мәселелерге байланысты тұрғындардан шағымдар түсіп жатыр. Сондықтан Баянауыл мен Майқайың бойынша кезекте тұрған азаматтардың тізімін баспана үлестіру басталғанға дейін нақтылау қажет.
– Отбасы банкімен бірге тізімдердің бәрін реттеп алу керек. Ертең жақсы істің арты шу болып, наразылық тудырмасын, – деді өңір басшысы.
Еске сала кетейік, Баянауылда салынып жатқан төрт қабатты тұрғын үй 57 пәтерге есептелген. Оның ішінде 24 бір бөлмелі, 15 екі бөлмелі, 15 үш бөлмелі және үш төрт бөлмелі пәтер бар. Құрылыс биыл сәуірде басталды, нысанды қазан айында пайдалануға беру жоспарланған.
Майқайыңдағы 36 пәтерді қоса алғанда, ауданда салынып жатқан жаңа баспаналар пайдалануға берілгенге дейін жауапты мамандар Отбасы банкімен бірге тұрғын үй кезегіндегі мәліметтерді өзектендіруі тиіс.