Павлодарлық бапкер күтпеген жерден елдің бас футбол командасынан кетті

Павлодарлық бапкер күтпеген жерден елдің бас футбол командасынан кетті
Фото: KazFootball.kz

Оның шешіміне Венгриядан жеңіліс әсер еткен болуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфиновтың қызметінен кеткені туралы хабар футбол жанкүйерлерінің көпшілігі үшін күтпеген жаңалық болды. Венгриядан жолдастық кездесуде жеңілгеннен кейін әлеуметтік желілерде оның қызметінен кетуі мүмкін деген әңгімелер тарағанымен, Қазақстан футбол федерациясы бұл ақпаратты бірнеше рет жоққа шығарған еді. Оның үстіне, жолдастық матчтағы жеңіліс бапкердің қызметінен кетуіне себеп болатын жағдайлар футболда сирек кездеседі.

Соған қарамастан, федерация бұл шешімнің Талғат Маруанұлының жеке таңдауы екенін мәлімдеді. Бірақ тәжірибелі маманды мұндай қадамға не итермелеуі мүмкін?

Бұл Байсуфиновтың ұлттық құрамаға үшінші рет келуі еді. Алғашқы нәтижелер жаман болған жоқ. Қазақстан құрамасы Солтүстік Македониямен және Бельгиямен тең ойнап, тәртіпті әрі мінезді футбол көрсетті. Алайда кейін Фарер аралдарынан жолдастық кездесуде жеңіліс тапты. Осыдан кейін оны уақытша міндетін атқарушы емес, толыққанды бас бапкер ретінде бекіту мәселесі ұзақ уақыт бойы ашық күйінде қалды. Бұл белгісіздік 2026 жылдың басына дейін созылды.

Наурыз айында ұлттық құрама жанкүйерлердің сенімін қайтара алды. Астанада өткен FIFA Series 2026 халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасы екі матчта да жеңіске жетіп, Халықаралық футбол федерациясының арнайы жүлдесін жеңіп алды. Сол кезде команда дұрыс бағытта дамып келе жатқандай көрінді.

Жазғы жолдастық кездесулер Ұлттар лигасы алдындағы соңғы үлкен сынақ болды. Армениямен болған тең ойын үміт сыйласа, Венгриямен өткен матч Қазақстан құрамасының Еуропаның орта деңгейдегі құрамаларымен әлі де тең дәрежеде бәсекелесуге толық дайын емес екенін көрсетті.

Мүмкін дәл осы сәтте Байсуфинов алдағы күзде команданы өте ауыр сынақтар күтіп тұрғанын анық сезінген шығар. Бәлкім, Ұлттар лигасында нәтиже болмай қалған жағдайда «кінәліні» іздеу басталатынын түсініп, ондай жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмеген болуы да мүмкін.

Дегенмен бұл пікірдің де екінші жағы бар. Қазақстан түскен топты аса қорқынышты деуге болмайды. Қарсыластар — Словакия, Фарер аралдары және Молдова. Иә, оңай матчтар болмайды. Бірақ бұл құрамалармен ұпай үшін күресуге толық мүмкіндік бар. Сондықтан әрдайым мінезімен, қайсарлығымен ерекшеленетін Талғат Байсуфиновтың дәл осындай сәтте күрестен бас тартқанына сену қиын.

Ол әрдайым шынайылығымен ерекшеленді. Жанкүйерлер оны тек нәтиже үшін ғана емес, ұлттық құрамаға деген адалдығы үшін де құрметтейтін. Ол жұмысына жанын салды, әр матчты жүрегімен қабылдады және жауапкершіліктен ешқашан қашқан емес. Сондай-ақ дәл оның тұсында көптеген жас футболшылар ұлттық құраманың есігін ашып, өздерін халықаралық деңгейде көрсетуге мүмкіндік алды.

Қазір әлеуметтік желілерде көптеген жанкүйерлер Байсуфиновтың кеткеніне өкініш білдіруде. Олар оған сенді, ал ол сол сенімді адал еңбегімен ақтауға тырысты.

Енді Қазақстан футбол федерациясының алдында тағы бір маңызды мәселе тұр — ұлттық құраманы кім басқарады? Ұлттар лигасының басталуына аз уақыт қалды. Мұндай қысқа мерзімде бапкер ауыстыру команданың ойынына оң әсер етеді деу қиын. Кез келген өзгеріс уақытты талап етеді, ал дәл қазір ұлттық құрамада уақыт тапшы.

Талғат Байсуфиновтың қызметінен кетуінің нақты себептері уақыт өте келе белгілі болар. Алайда бүгіннің өзінде бір нәрсе анық: Қазақстан құрамасы ұлттық команда үшін жанын салған, болашағын ойлаған және жас футболшыларға сенім артқан бапкерінен айырылды.