Павлодар облысында шағын кәсіп саласында көлік жөндеу ісі көш бастап тұр
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілер саны өткен жылғы тиісті кезеңдегі сәйкес мерзіммен салыстырғанда 11,5%-ға ұлғайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ұлттық статистика бюросы Павлодар облысы бойынша департаментінің мәліметінше, шағын кәсіп саласында көтерме және бөлшек саудада сату және автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу көбірек дамыған.
– ШОК субъектілерінің жалпы санында дара кәсіпкерлер үлесі –68,3%, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 22,2%, шаруа немесе фермер қожалықтары – 9,3%, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар 0,2%-ды құрады, – делінген хабарламада.
Павлодар облысында ШОК арасында 38473 дара кәсіп тіркелсе, оның 35066-сы жұмыс істеп тұр.
Көтерме және бөлшек саудада сату және автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу саласында 20 380 жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъекті тіркелген. Бұл сала бойынша 16 122 азамат кәсібін домалатып, қатарда көш бастап тұр.
Екінші орында жұмыс істеп тұрған субъект қатарында көлік және жинақтау кәсібі тұр. Бұл кәсіппен 3071 азамат шұғылдануда. Ал үшінші орында орныққан құрылыс саласы бойынша 1 222 субъекті тіркелген.
Айта кетейік, 2022 жылы ШОК субъектілерінің жалпы санында дара кәсіпкерлер үлесі 67,9%, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 23,8%, шаруа немесе фермер қожалықтары – 8,1%, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар 0,2%-ды құрады.