Павлодарлық депутаттар Ленин кентін қайта атау ұсынысын қолдады
Барлық қажетті құжаттар облыстық ономастикалық комиссияның қааруына ұсынылады, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Бұл туралы қалалық мәслихаттың сессиясында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Нұрғамисова мәлім етті.
– Ленин кенті тұрғындарының көптеген өтініштері негізінде ағымдағы жылы аталмыш кенттің атауын қайта атау туралы маңызды мәселе қаралды. Келіп түскен азаматтардың өтініштері негізінде жалпы төрт атау қаралды: Атамекен, Бидайық, Жетінші ауыл, Қазанғап би. Нәтижесінде жергілікті қоғамдастықтың 49 мүшесі Қазанғап би және Атамекен деген екі атаудың ішінен дауыс беру арқылы Ленин кентін Атамекен кенті деп қайта атауды қолдап, 1 адам қалыс қалды, – деді Айгүл Нұрғамисова.
Сондай-ақ ол 2021 жылғы сәуір айында Павлодар қаласына қарасты Ленин, Кенжекөл, Павлодар, Мойылды ауылдарының идеологиялық тұрғыдан ескірген 61 көшесінің атауын қайта атау бойынша осы елді мекендерде жергілікті қоғамдастық жиналыстар өткізілгенін еске салды.
– Жиналыстар нәтижесінде Мойылды ауылында – 1, Кенжекөл ауылында – 10, Ленин кентінде – 11, Павлодар ауылында 34 көшенің атауын қайта атау бойынша ұсыныс ауыл тұрғындары тарапынан қолдау тауып, хаттама қабылданған. Ағымдағы жылы тиісті құжаттар облыстық ономастикалық комиссяиның қарауына ұсынылады. 61 көше бойынша ұсыныстар өткен жағдайда қалаға қарасты ауылдар тарихи географиялық және дәстүрлі ұлттық санаға жақын атауларға ие болады, – деді Айгүл Нұрғамисова.
Еске сала кетейік, Ленин кентін қайта атау бойынша жегілікті қоғамдастық жиналыстың өткізу туралы хабарландыру 2023 жылғы 30 наурызда «Saryarqa samaly» және «Звезда прииртышья» газеттерінде, сондай-ақ Павлодар қаласының әкімдігінің ресми сайтында жарияланды. 2023 жылғы 29 сәуірде Жаяу Мұса атындағы мәдениет үйінде Ленин кентін қайта атау мәселесі бойынша жергілікті қоғамдастықтың жиналысы өткен.